Сәуірден бастап суға артық төлеген тұрғындарға ақшасы қайтарылады - Алматы облысы
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының тұрғындары суды пайдалану үшін 400 млн. теңге артық төлем жасаған. Осыған орай, сәуір айынан бастап артық төленген коммуналдық төлемдер тұрғындарға төмендетілген тариф түрінде қайтарылады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Прокурорлық тексеріс шеңберінде монополистермен шығындарды заңсыз асыра көрсету, оның ішінде тарифтік сметаға қосымша жұмыс орындарын енгізу, мүлікті қалпында ұстау сияқты негізделмеген шығындарды қосу фактілері анықталды. Мысалы, «Талғар Су» МКК-да тарифтік сметаға негізсіз 78 млн. теңгені артық қосу салдарынан 37 мың азамат суды қолдануға артық төлем төлеп отырған.
«Алматы облысының 220 мың су тұтынушысына артық төленген 400 млн. теңге коммуналдық төлемдері қайтарылады. Осыған орай, прокуратураның талабы бойынша ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап артық төленген коммуналдық төлемдер тұрғындарға төмендетілген тариф түрінде қайтарылады және ол туралы түбіртектерде бөлек бағанада көрсетіледі»,- деп мәлімдеді Алматы облысы Прокуратурасының баспасөз қызметі.
Одан бөлек, облыстың 60 елді мекенінде бекітілген тарифтің болмауы себебінен, қызмет көрсетуші мекемелер су тұтыну бағасын өз қалауы бойынша белгілеген. Прокуратураның тапсырмасына сәйкес аталған факті құзіретті органмен тексерілуде.