Сәуірдің 1-іне дейін республикада АҚТҚ жұқпасын жұқтырған 12 мың 265 адам тіркелді ? А.Белоног
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2009 жылғы сәуірдің 1-іне дейінгі жағдай бойынша республикада Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын (АҚТҚ) жұқтырған 12 мың 265 адам бар.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісте республиканың Бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. А.Белоногтың атап көрсеткеніндей, 2008 жылы АҚТҚ-ны жұқтырудың деңгейі 2007 жылмен салыстырғанда арта түскен. Бүгінде АҚТҚ қоздырғышымен өмір сүретіндердің саны 12 мың 265 адам болса, оның жоғары көрсеткіштері Алматы (169,7), Павлодар (151,5), Қарағанды (124), Қостанай (78,6) және Шығыс Қазақстан (74,4) облыстарында тіркелген. ЖҚТБ (СПИД) орталықтарында диспансерлік есепте АҚТҚ-ны жұқтырған 8 мың 380 адам тұр. Жұқпаны қан тамыры арқылы (жалпы жұқтырғандардың 70 пайызы) және жыныстық жолмен (22 пайыз) жұқтыру АҚТҚ-ның таралуының бірден-бір жолы болып қалып отыр. Бас бостандықтарынан айыру мекемелерінде отырғандар арасында АҚТҚ-ны жұқтырғандардың саны - 2 мың 16 адам (жалпы көрсеткіштің 20 пайызы). «Үстіміздегі жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша антиретровирустық емді АҚТҚ және ЖҚТБ-мен ауыратын 627 науқас алады. Оның 494-і ересектер болса, 133-і - балалар. Осы 133 баланың 127-сі Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Қажетті ем-домдарды Маңғыстау, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында, Қарағанды және Астана қалаларында тұратын науқастар тиісті деңгейде алмай отыр», - деді ол. Сондай-ақ Бас санитарлық дәрігер өткен жылы 21 жүкті әйелдің уақтылы есепке алынбағанын, оларға тиесілі алдын алу емдері жүргізілмегенін айтты. Денсаулық сақтау мамандарының бұл салғырттықтарынан бүгінде жаңа туылған 40 нәрестеге АҚТҚ жұқпасын жұқтырудың қаупі бар. Бірақ А.Белоногтың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында болған келеңсіз жағдай қайталанатынындай еш қауіп жоқ.