Сәуірдің 20-26 аралығында Қазақстанда Еуропалық иммунизациялау аптасы өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сәуірдің 20-сы мен 26-сы аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропада және Қазақстанда Еуропалық иммунизациялау аптасы өтеді. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте республиканың Бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног мәлім етті,

Сәуірдің 20-26 аралығында Қазақстанда Еуропалық иммунизациялау аптасы өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жыл сайын өткізілетін акцияның басты мақсаты ? халықты иммунизациялаудың маңыздылығы жөнінде ақпараттандыру және әртүрлі вакциналармен толыққанды егілуді қамтамасыз ету. Биылғы жылы Иммунизациялау аптасы қызылшамен және қызамықпен күресуге бағытталып отыр. Сөйтіп, Қазақстан 2010 жылы аталмыш аурулардың жергілікті жағдайларының жойылғандығы туралы деректерді растайтын болады. Жұқпаның сырттан әкелінген оқиғалары болғанымен, халықты егу жұмыстарымен толықтай қамту арқылы жергілікті фактілерді болдырмау көзделіп отыр. Әдетте қызылша мен қызамыққа қарсы 1-15 жас аралығындағы балалар егіледі. Жыл сайын Еуропалық елдерде вакцинация арқылы алдын алуға болатын аурулар 32 мыңға жуық баланың өмірін қияды. Қазақстанда жыл сайын әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы 5 миллионға жуық адам тегін егіледі. Бірақ А.Белоногтың айтуынша, 2008 жылы 1016 ата-ана діни ұстанымдарына сәйкес балаларын емдеуден бас тартқан. Ондай оқиғалар көбінесе Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында кездескен. Соңғы 10 жылда иммунизациялаудың арқасында халықтың «В» вирусты гепатитімен сырқаттануы 4 есеге, осы жұқпаға қарсы егілген балалардың ауруы 52 есеге төмендеді. Сонымен қатар қызылшамен сырқаттану деңгейі 72 есеге, дифтериямен - 3,6 есеге, эпидемиялық паротитпен ауыруы 37 есеге төмендеді. Сіреспенің бірен-саран жағдайы кездескенімен, көкжөтелдің тұрақты төмен деңгейі ұсталып отыр. Сондай-ақ 1995 жылдан бері елімізде полиомиелитпен науқастану оқиғалары тіркелген жоқ. 2009 жылы әртүрлі жұқпаларға қарсы вакциналарды сатып алуға бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлініп отыр.