Сәуірдің 23-інде ҚР Парламенті Сенатындағы бос орынға Қостанай облысы бойынша депутат сайлауы өтеді
Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен хабарлады.
Орталық сайлау комиссиясының бекіткен сайлауды әзірлік пен өткізу бойынша негізгі шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, сәуірдің 2-сі күні кандидаттарды тіркеу аяқталған. Сайлау науқаны барысында Мұратов Асқар Аронұлы өзін-өзі, ал Нұрғалиев Жеңіс Мирасұлын Қостанай облыстық мәслихаты ұсынған. Екеуін де Қостанай облыстық сайлау комиссиясы сәуірдің 1-інде тіркеген. Кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмыстары сәуірдің 21-і күні сағат 24.00-ге дейін жүреді.
Еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес, Парламент Сенаты депутаттығына үміткерге сайлауалды үгіт жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарына республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар олар сайлау қорын құруға да мүмкіндіктері бар.
«Сәуірдің 2-інде ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында «2010 жылғы сәуірдің 23-індегі шығып қалған депутаттың орнына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қостанай облысы бойынша депутатын сайлаудағы сайлау бюллетені туралы» қаулы қабылданды. Бұл қаулымен сайлау бюллетенінің мәтіні бекітілген, сондай-ақ Қостанай облыстық сайлау комиссиясына сайлау бюллетеньдерін жеткізу мерзімі анықталған», деп нақтылай түседі баспасөз қызметі.
Парламент Сенаты депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы Қостанай облысы мәслихаттарының депутаттары өздерінің бірлескен отырысында жүзеге асырады. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлаушылардың тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сәуірдің 15-інен кешіктірілмей жарияланады. Дауыс беруді, санауды және оның нәтижелерін жариялауды Қостанай облыстық сайлау комиссиясы бір күннің ішінде жүргізеді. Ал Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындыларын сәуірдің 29-ынан кешіктірмей анықтауы және мамырдың 2-інен кешіктірмей БАҚ-та жариялауы тиіс.