Сәуірдің соңына дейін Қызылағаш ауылында 40-қа жуық үй пайдалануға беріледі - С. Үмбетов
әуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Сәуір айының соңына дейін Алматы облысының Қызылағаш ауылында салынып жатқан 40 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Бұл туралы бүгін Үкіметтегі селекторлық кеңесте Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Қызылағаштағы су тасқынының салдарынан болған зардапты жою үшін қазіргі уақытта 3500-ден астам адам жұмыс істеуде. Бұл жұмысқа 345 бірлік техника, 182 көлік құралдары тартылған. «Қазіргі уақытта 449 үй учаскелерінің 444-інің траншеясы дайындалды. 213 үйдің іргетасы қалана бастады. 100 үйдің кірпішін қалау аяқталды. Менің ойымша, осы айдың соңына дейін 35-40 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады», деді әкім.
С. Үмбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта Қызылағашта 9,7 шақырым су құбыры жүргізілген. Жоғары вольтты желінің құрылысы аяқталды. Ауыл электр қуатымен қамтамасыз етілді. Қызылағашта телефон байланысы қалпына келтірілген. Сонымен қатар С. Үмбетов Қызылағашта да көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары басталып кеткендігін атап өтті. Бұл өңірде 2000 гектар жерге дәнді-дақылдар егілетін болады. Көктемгі егісті тұқыммен, техникамен қамтамасыз етуді, оны қаржыландыру мәселесін облыс өз күшімен шешіп отыр.