Сауль Альварес екінші орта салмақта WBC және WBA титулын жеңіп алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төрт салмақ санаты бойынша әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (53-1-2, 36 КО) АҚШ-тың Техас штатында британдық Каллум «Mundo» Смитке (27-0-0,19КО) қарсы кезекті жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жекпе-жекте екінші орта салмақта WBC/WBA және The Ring титулы сарапқа салынды.

12 раундқа созылған айқаста мексикалық боксшы айқын басымдылық танытты. Ал бұған дейін екінші орта салмақта бірінші орында болған британдық боксшы бастапқы 6 раундта сауатты қарсылық көрсете білді. Алайда, Сауль Альварес жекпе-жектің екінші жартысынан бастап қарқынын үдете түсті.

Қортындысында, «Канело» төрешілердің бірауыз шешімімен (119-109/119-109/117-111) жеңіске жетіп, екінші орта салмақта WBC/WBA және The Ring титулын жеңіп алды.

Айта кетейік, Сауль Альварес кәсіпқой бокстағы мансабын 2005 жылы жартылыай орта салмақтан (welterweight/66,7кг) бастаған болатын. 2011 жылы бірінші орташа салмақта алғашқы чемпиондық титулын (WBC белдігі) иемденді. 2015 жылы орта салмақта WBC чемпионы атанып, 2017-2018 жылы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен (40-1-1,35КО) жұдырықтасты. Жекпе-жек қортындысы дауға ұласқанына қарамастан, «Канело» орта салмақта WBC/WBA/IBF/IBO белдіктерін иеленді.

Сондай-ақ, Сауль Альварес жартылай ауыр салмақ және екінші орта салмақта чемпиондық титулды жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар