Сәуле Досжанованың романы халықаралық жүлдеге ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияның Стокгольм қаласында алтыншы рет өткізілген Еуразиялық халықаралық ашық әдебиет фестивалі мен кітап форумының байқауында жазушы Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» романы жүлдеге ие болды. Кітаптың түпнұсқасы мен аудармасы үздік шығармашылық жұмыс болып танылып, конкурстың проза жанры бойынша үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фестивальды азат елдердің таланттарын шетел оқырмандарымен табыстыру мақсатында 38 мемлекеттен түскен 1600 шығармашылық жұмысты талдап, електен өткізген Еуразия шығармашылық гильдиясы (Лондон) ұйымдастырған.
Халықаралық байқауда Қазақстандағы Бақтыгүл Маханбетова жетекшілік жасап отырған «Bestseller KZ» бірінші әдеби агенттігі ұсынған сегіз жұмыс жүлде алды. Олардың арасында қазақ ақыны Ғалым Жайлыбай «Қара орамал» поэмасымен поэзия жанрында үшінші орынға шықты.
Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» - Мое чужое сердце» (орыс тіліне аударған Ғұсман Төлеғұл) кітабында Қазақстан Тәуелсіздігі арқасында жүзеге асырылған медицина ғылымындағы заманауи жетістік - жүрек алмастыру отасының тарихы жайында баяндалады.
«Шетелдік әдебиетшілермен зияткерлік пікір алмасуды қалыптастыру, ең алдымен әдебиетшілердің шығармаларын әдеби аудару арқылы байланыс жасау елімізді әлемге таныта түсудің тағы да бір жолы. Алдағы уақытта қазақ қаламгерлерінің еңбектері құрлық асып, құлашын жайсын деген тілектеміз», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанова.