Сәулетші Ә.Тәтіғұлов 35 жылдық шығармашылығы мен 70 жылдық мерейтойын атап өтуде
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыда «KAZGOR» Жобалау академиясының басшысы Әбдісағит Тәтіғұловтың 70 жасқа толу мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә.Тәтіғұлов 1940 жылы 13 наурызда Қостанай облысы, Федоров ауданы, Трактов ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанның сәулет-құрылыс саласы бойынша ғана танымал емес, оның беделі халықаралық аренада сәулеттiк және инженерлiк мектеп арқылы да белгілі. Профессор 270-ке жуық ғылыми еңбектер мен мақалалар жариялаған. Ә.Тәтіғұлов ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚазКСР еңбегі сіңген сәулетшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Сонымен қатар Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Халықтар достығы, Кұрмет ордендерімен марапатталған.
«Ә.Тәтіғұлов - біріншіден жоғары деңгейдегі білікті маман. Ол ең күрделi жобалық жұмыстарға міндетті түрде қатысып, олардың болашақ шешiміне инженерлiк идеяларын ұсынып отырады», дейді ҚР еңбегі сіңген сәулетші Серік Рүстембеков.
Сонымен қатар, аталмыш сәулетшінің қатысуымен қаладағы «Қазақстан» қонақүйі, «Алатау» шипажай орталығы, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы, Астанадағы Хазрет Сұлтан мешіті, Астанадағы Кенесары ханның, Қостанайдағы А.Байтұрсынұлының ескерткіштері және тағы басқа еңбектер жасалған.
Мерейтой иесін құттықтауға туыстары, достары, қызметтес жолдастары, қоғам, мәдениет қайраткерлері және Парламент депутаттары келді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хаттар келді.