Сәулетшілер Қарағандыны қалай өзгертіп жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қаланы тұрғындарға қолайлы ету үшін жолдарды жөндеп, көшелерді жарықтандыру немесе орындықтар орнату жеткіліксіз. Қоғамдық кеңістіктердің жайлылығы, жаяу жүргіншілерге жасалған жағдай және қаланың тұтас сәулеттік келбеті де маңызды.
Қарағанды облысында осы бағытта алты жылдан бері әкімдікке тәуелсіз сәулетшілер мен дизайнерлер тобы жұмыс істеп келеді. Олар мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен бірлесіп, қалалық ортаны дамытуға арналған жобаларды әзірлеп, олардың жүзеге асуына атсалысады.
Қарағанды облысының Урбанистика орталығы алты жыл ішінде 200-ден астам эскиздік және жобалық ұсыныс әзірлеген. Соңғы екі жылда мамандар жекелеген нысандарды абаттандырумен қатар, қалалық ортаны дамытудың ортақ қағидаттарын қалыптастыруға басымдық беріп келеді.
Орталық 2020 жылы құрылған. Ол әкімдікке қарасты құрылым да, мемлекеттік мекеме де емес. Жеке коммерциялық емес ұйым жеке жобалар мен демеушілердің қаражаты есебінен жұмыс істейді және жергілікті бюджеттен қаржыландырылмайды.
Қазір орталықта сегіз маман еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – сәулетшілер, сондай-ақ команда құрамында дизайнер мен жоба менеджері бар. Орталықты Қарағанды техникалық университетінің түлегі, Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі облыстық жастар кеңесі төрағасының орынбасары, сәулетші Валерия Хасуева басқарады.
Эскизден нақты іске дейін
Урбанистика орталығының негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен тұрғындар арасындағы байланысты үйлестіру. Мамандар жобалардың тұжырымдамасын әзірлеумен ғана шектелмей, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға да атсалысады.
Алты жыл ішінде орталық 200-ден астам эскиздік және жобалық шешім ұсынған. Олардың едәуір бөлігі қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, көшелер мен гүлзарларды жаңартуға, туристік аумақтарды дамытуға және өңір қалаларының сәулеттік келбетін қалыптастыруға арналған.
Соңғы екі жылда орталық мамандары Қарағандының Орталық саябағын, Назарбаев даңғылын және субұрқақ каскады алаңын дамыту тұжырымдамаларын әзірледі.
Сонымен қатар олар қаланың әр бөлігіндегі қоғамдық аумақтарды абаттандыру жобаларына қатысты. Олардың қатарында «Горняк» базарының маңы, Бөкетов көшесі, «Ғасыр» гүлзары, Заслонов көшесіндегі гүлзар және басқа да қоғамдық кеңістіктер бар.
Орталық облыстың өзге қалаларын дамытуға да үлес қосып келеді. Балқаштың курорттық аумақтарының туристік тартымдылығын арттыру тұжырымдамасы әзірленіп, қаланың дизайн-коды жасалды. Бұған қоса, Балқашты 2025 жылы абаттандыру бағдарламасы дайындалды.
Қарағандымен қатар Теміртау мен Балқашта да орталық әзірлеген жобалар аясында муралдар салынды.
Гүлзарлардан өнеркәсіптік аймақтарға дейін
Орталық мамандарының жұмысы көшелер мен қоғамдық орындарды көріктендірумен шектелмейді. Олардың жүзеге асырған жобаларының бірі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын Қарағанды әуежайы бағытына қарай кеңейту тұжырымдамасы. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Гоголь атындағы кітапхана мен Балалар мен жасөспірімдер сарайы орналасқан аумақты қайта жаңғырту жобасы әзірленген.
Тағы бір жоба – Пришахтинск шағынауданындағы Jasyl Ecopark экологиялық саябағының тұжырымдамасы.
Қоғамдық кеңістіктердің тынысын ашу үшін орталық қалалық іс-шаралар ұйымдастыруға да көңіл бөледі. Соңғы жылдары команда жеке қаржыландыруды тарта отырып, онға жуық жәрмеңке мен қалалық іс-шара өткізген. Олардың қатарында «Wow! Ryz», «BalaDay», «Ayaz», «09-90» және «KRG urban market» бар.
Қаланың келбеті қандай болуы керек?
Соңғы екі жылда Урбанистика орталығы дизайн-кодтар әзірлеуге басымдық бере бастады. Бұл жекелеген орындықты, гүлзарды немесе ғимарат қасбетін безендірумен шектелмейді. Дизайн-код белгілі бір аумақтың сыртқы келбеті мен функционалдық ұйымдастырылуына ортақ талаптар белгілейді.
Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасымен орталық Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалалары мен өңірдің аудан орталықтарына арналған дизайн-кодтар әзірлеп жатыр.
Мұндай құжаттар қалалық ортаны безендірудің ортақ қағидаттарын айқындайды. Олар ғимараттардың қасбеттері мен маңдайшаларынан бастап, көшедегі жабдықтар мен абаттандыру элементтеріне дейінгі мәселелерді қамтиды.
Мамандардың пікірінше, бұл әр аумақтың бір-бірімен үйлеспейтін тәсілдермен дамуына жол бермей, қаланың тұтас әрі бірізді сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қалалық ортаны дамытудың жаңа кезеңі
Урбанистика орталығы алдағы уақытта жекелеген нысандарды абаттандырудан гөрі, тұтас қалалық аумақтарды кешенді дамытуға басымдық беруді көздеп отыр.
2026–2027 жылдарға арналған жоспарға қалалар мен аудандардың дизайн-кодтарын әзірлеу, бір және үш жылға арналған абаттандыру бағдарламаларын дайындау, сондай-ақ қалалық ортаны зерттеу жұмыстары енгізілген.
Тұрғындармен кері байланыс орнатуға да ерекше мән берілмек. Ол үшін адамдардың қоғамдық кеңістіктерді қалай пайдаланатыны, қандай жағдайлардың жетіспейтіні және қандай өзгерістерді бірінші кезекте қажет деп санайтыны зерделенеді.
Орталық жекелеген гүлзарларды абаттандыру сияқты нақты міндеттерді шешумен шектелмей, қалалық ортаны ұзақ мерзімге жоспарлауға көшуді мақсат етеді. Осы бағытта дизайн-кодтарды, мастер-жоспарларды, зерттеулер мен қалалық ортаны дамытуға арналған іс-шаралар жоспарларын біртұтас жүйеге біріктіру көзделіп отыр.
Қарағанды облысы үшін бұл – қаланың жекелеген бөліктерін көріктендіруден тұтас аумақты жүйелі дамытуға көшу. Мұнда мәселе бір скверді жөндеумен немесе бір көшені абаттандырумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – қаланың алдағы жылдары қалай өзгеретінін, қоғамдық кеңістіктердің тұрғындар үшін қаншалықты қолайлы болатынын және бұл өзгерістердің күнделікті өмір сапасына қалай әсер ететінін алдын ала жоспарлау.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен экологиялық акцияда қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыруда Астананың Урбанистика орталығының тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізу қажеттігін айтқан болатын.