Сәуір айында Қытайда экспорт 8 пайызға өскен
АСТАНА. KAZINFORM – Жұма күні Қытай үкіметі сәуір айындағы экспорт көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,1%-ға артқанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш сарапшылардың болжауынан төрт есе жоғары,-деп хабарлайды RFI.

Ресми статистика көрсеткендей, Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда қақтығысының ушығуына байланысты, сәуір айында Қытайдың АҚШ-қа экспорты наурыз айымен салыстырғанда 17,6%-ға азайған.
Қытайдың Бас кеден басқармасының мәліметі бойынша, сәуір айында АҚШ-қа экспорт көлемі 330 миллиард доллар болған, ал наурыз айында бұл көрсеткіш 401 миллиард доллар болатын.
Шанхайдағы Baoyin Asset Management Co., Ltd. компаниясының президенті Чжан Чжиюэйдің айтуынша, АҚШ енгізген тарифтердің салдары сәуір айының сауда деректерінен көрініс тауып үлгермеген. Оның пікірінше, бұған тауарлардың басқа елдер арқылы қайта жөнелтілуі және тарифтер енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттар себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар ол келесі айларда сауда көрсеткіштерінің төмендей бастайтынын болжайды..
Сәуір айында Қытайдың импорт көлемі небәрі 0,2%-ға төмендеген. Ал сарапшылар 6%-ға қысқарады деп болжаған еді. Импорт – ішкі тұтынушылық сұраныстың негізгі көрсеткіштерінің бірі, сондықтан тиісті деректер үнемі жіті бақыланады.
Сонымен қатар, тұтынушылық белсенділіктің әлсіреуіне және АҚШ-пен сауда қақтығысының өршуіне байланысты қалжыраған экономикаға қолдау көрсету үшін, Қытай Халық банкінің төрағасы Пань Гуншэн 7 сәуір күні міндетті резервтік мөлшерлеменің 0,5 пайыздық пунктке төмендетілгенін мәлімдеді. Бұл қадам – банктерді несие беруге ынталандыруға бағытталған. Сондай-ақ, ол тұрғын үй сатып алу үшін 5 жылдан ұзақ мерзімге берілетін ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесінің 2,85%-дан 2,6%-ға төмендейтінін айтты.
RFI-дың атап көрсетуінше, бұл Қытай үкіметінің экономиканы ынталандыру мақсатында өткен жылдың қыркүйек айынан бері қолданған ең маңызды шараларының бірі.
RFI-дың жазуынша, АҚШ пен Қытайдың жоғары лауазымды тұлғалары Швейцарияда келіссөз жүргізуге дайындалып жатқанда, Трамп әкімшілігі Қытайдан әкелінетін тауарларға салынған 145% баж салығын 50%–54%-ға дейін қысқартуды қарастырып отырған көрінеді. Бұл шешім алдағы аптада күшіне енуі мүмкін.
Бұған дейін сәуір айындағы ресми мәліметтерге сәйкес Қытай порттарынан шет елдерге жөнелтілген тауардың нақты көлемі өзгеріссіз қалып отырғанын хабарлаған едік.