Сәуір айында өңірлерде қандай туристік іс-шаралар жоспарланған
АСТАНА.KAZINFORM - Сәуір айында елімізде туризм саласында түрлі форматтағы іс-шаралар өтеді. Әр өңірде ішкі және келу туризмін дамытуға бағытталған көрмелер, фестивальдер, оқыту семинарлары және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Алматы: 23-25 сәуір күндері Алматыда айдың басты туристік іс-шарасы – 23-ші халықаралық KITF-2025 туристік көрмесі өтеді. Оған еліміз бен шетелдің туризм саласындағы жетекші өкілдері қатысады.
Шымкент: Қалада қызғалдақтың символын дәріптейтін «Қызғалдақ жолы» фестивалі өтеді. Бағдарлама аясында театрландырылған қойылым, шеру және жәрмеңке өткізу көзделген.
Түркістан облысы: 15 сәуірде Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістандағы этноауылда дәстүрлі неке қию рәсімі – Neke Tour атты ерекше шара өтеді.
Ақмола облысы (Бурабай): Бурабайда туризмді дамытуға бағытталған бірқатар семинар мен тренинг ұйымдастырылады:
• Туризмдегі маркетинг
• Экотуризмді дамыту
• Гастротуризм негіздері
• Агротуризм – өңір дамуының факторы
• Экскурсоводтың негізгі дағдылары
Шығыс Қазақстан облысы: 19-20 сәуір күндері Өскемен қаласындағы «Титан» спорт кешені базасында «Шығыс арғымақ» көрмесі өтеді. Бұл іс-шара ат туризмінің үздік тәжірибелерін ұсынуға бағытталған. Атқа міну өнерін насихаттау арқылы ұлттық мәдениетті дәріптеу және белсенді демалысты дамыту көзделген.
Айта кетейік, Қазақстанда туризмге салынған инвестиция көлемі 20,3%-ға артты.