Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Саясат Нұрбек елдегі университеттерде оқыту құнына қатысты пікір айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі университеттердің ақылы бөлімінде оқыту құнына қатысты пікір айтты.

Саясат Нұрбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның айтуынша, министрлік оқу ақысының шамадан тыс өсуіне жол бермеу мақсатында жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

— Қазіргі уақытта біз оқу ақысының өсімі 10–15%-дан аспауын, сондай-ақ оның инфляция мен шығындарға сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Іс жүзінде тариф деңгейін тежеп тұрмыз. Мемлекет жоғары білім алуға қолайлы жағдай жасауды ерекше бақылауда ұстап тұр. Мәселен, кейбір елде жоғары білім алу мүмкіндігін мектеп түлектерінің соншалықты көп бөлігіне беру қажет емес деген пікір бар. Ал біз жоғары білім алу мүмкіндігін қолдау керек деп санаймыз, - деді С. Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол елімізде грант саны артқанын, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жүйесі іске қосылғанын еске салды. 

- Ұлттық университеттерде оқу ақысы бекітілген және оның жыл сайынғы өсуін бақылауда ұстаймыз. Жалпы алғанда, Қазақстанда жоғары білім алу үшін тиісті жағдай жасалған, - деді министр. 

Бұған дейін хабарланғандай, еліміздегі университеттер мен білім бағдарламасына қарай оқу құны 600 мың теңгеден басталып, 4 миллион теңгеге дейін жетті.