Саясат Нұрбек ғылым саласын қаржыландырудың бақылау тетіктеріне түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым саласына қатысты Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстары орындалғанын айтты.

ғылым министрі
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Айжан Сқақова министрлік тарапынан ғылымды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету, ғылымды басқарудың тиімділігін арттыру және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін практикаға енгізу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былтырғы Жоғары аудиторлық палатаның 43 нұсқаулығы мен ұсыныстары көбінесе орындалғанын айтты. Соның ішінде үш үлкен заңға өзгерістер енгізіліп, оның арасында қаржыландыру, мониторинг, қаржыландыру тәртібін күшейту ескерілген.

- Нақты мониторингке тоқталсақ, бұрын шын мәнінде мониторинг жүргізілген, бірақ мониторингтің нәтижелері нақты құзыреттілікпен бекітілмеген. Сондықтан қазіргі таңда өте маңызды шешімдер заңдармен бекітілді. Біріншіден, Ұлттық ғылыми кеңестердің (әр жоба бойынша негізгі шешім қабылдайтын) енді қылмыстық жауапкершілігі, яғни нақты жауапкершілігі белгіленді. Енді жауапкершілік тек қана әкімшілік емес, Қылмыстық кодексте де бекітілген. Екіншіден, бұрыннан мониторинг нәтижелері тек қана назарға алынған. Енді толыққанды ережелерде қағидаттар өзгерді. Мониторинг нақты бекітілді — оның кестесі жобаның басында, ортасында, біткеннен кейін де ғылыми жобалардың мониторингі жүргізіледі. Енді сол мониторинг нәтижелері біздің Ғылым комитетімен бекітіледі және нақты шаралар қабылданады. Қазірдің өзінде коммерцияландыру жобалары, ғылыми гранттық жобалар бірнеше Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен жабылып жатыр немесе сотқа беріліп жатыр. Атап айтқанда, қатаң іс-әрекеттер қабылданып жатыр, - деді министр.

Сонымен қатар ол экономикалық сараптама нақты бекітілгенін айтты. Экономикалық сараптама міндетті түрде қарастырылып, міндетті түрде кез келген жобаның шешім қабылдағанының алдында толыққанды ескерілетін болды.

- Сондықтан қазіргі таңда Жоғары аудиторлық палатаның берген нұсқаулықтарымен бүкіл заңдарға және біздің бұйрықтарымызға тиісті мониторинг, қаржы тәртібі нақты тетіктермен енгізілді, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай зерттеулерді қаржыландыруда ғылым мен бизнес тығыз байланыста болуы тиіс екенін айтты.