Саясат Нұрбек қандастарға қатысты талқыланған ұсыныстар туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Саясат Нұрбек ұсыныстар пакеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саясат Нұрбек қандастарға қатысты талқыланған ұсыныстар туралы айтты

«Ұлттық кеңестің әлеуметтік мәселелері бойынша тобы білім, ғылым, денсаулық сақтау, еңбек нарығын дамыту, тіл, көші-қон бойынша ұсыныстар пакеттерін дайындап, тиісті мекемелермен тығыз жұмысты атқардық. Жұмыстарды ең төменгі деңгейден бастадық, себебі негізгі мәселелер сол жерде шешіледі. Атап айтқанда, жоғары білім және ғылым, мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ еңбек нарығын болжау мен біліктілікті арттыру тұрғысында ұсыныстар пакеті дайындалды», - деді С.Нұрбек Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық аясында денсаулық сақтау саласындағы жұмыс тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар пакеті дайындалды.

«Қазіргі уақытта осы жұмысты нығайту керек. Денсаулық сақтау саласында әлі де тығыз байланыс орнатылмай жатыр», - деді ол.

Бұдан бөлек, Саясат Нұрбек Ұлттық кеңестің әлеуметтік мәселелері бойынша тобында қандастарға қатысты қаралған бірнеше ұсынысты жеткізді. Бірінші – шетелдегі этникалық қазақтарға жерді пайдалану құқығын беру. Яғни шетелден елімізге қоныстанған қандастарға қатысты болып отыр. Бұл қазір өте қызу талқыланып жатқан мәселе.

«Қандастарымыз елге келгенде, олардың жеке куәліктерінде, төлқұжаттарында туған жері ретінде басқа мемлекет жазылады. Ол азаматтық алған жағдайда, Қытай немесе басқа елде дүниеге келгендігі туралы мәлімет алынып тасталсын. Атап айтқанда, Қазақстанның толыққанды азаматы болды, сондықтан оның қайда туғандығы туралы мәліметті көрсетпеу ұсынысы бар», - деді ол Ұлттық кеңес отырысынан кейін «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Тағы бір ұсыныс 18 қараша күнін Ұлттық көші-қон күні деп белгілеуге қатысты.

«Жалпы, үш айдың ішінде мемлекеттік органдармен өте егжей-тегжейлі жұмыс істедік», - деді ол.