Саясат Нұрбек ірі кәсіпорындар инфрақұрылымын ғалымдарға сынақ алаңы ретінде беруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында ғылымды коммерцияландыруға кедергі келтіріп тұрған факторларды атады.

Саясат Нұрбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Ғылымды коммерцияландыру процесі белсенді жүру үшін не істеу керек, - деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.

Министрдің сөзінше, бұл бағытта төрт негізгі мәселе бар.

- Біріншіден, ірі кәсіпорындардың тендерлік процедураларында ғылыми ынтымақтастық критерийлерін енгізсе абзал болар еді. Екіншіден, ірі кәсіпорындар осы ғылыми-технологиялық сессияларға қатысып, өздерінің инфрақұрылымын сынаққа қолдануға бергендері дұрыс болар еді. Мысалы, «Кармет» зауыты үш университетпен бес ғылыми-зерттеу институтына инфрақұрылымын беріп, тығыз жұмыс істеп жатыр, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол шетелден жоғары технологияға құрылған жабдықтар алуда қиындықтар бар екенін айтты.

- Үшіншіден рәсімдеудегі бюрократиялық мәселелер бар. Шикізаттың келуі, сырттан құрал-жабдық кіргізу кезінде кедендік рәсімдер көп уақыт алады. Қазіргі таңда заңның аясында мемлекеттік сатып алу процесі өзгеріп жатыр. Оны біз Салық кодексінің ішіне енгіздік. Бірақ шетелдік жабдықтарды кеденде рәсімдеу әлі күнге дейін үлкен мәселе болып тұр. Өнімді сертификаттау, реттеу, ол да бір мәселе болып жатыр.

Төртіншіден, өңірлік ғылымды дамыту керек. Заң аясында жергілікті әкімдіктерге өте жақсы өкілеттіктер беріліп, ғылыми кеңестер құрылды. Бірақ бұл кеңестердің жұмысын жүйелеу, жауапты адамдарды тағайындау, біздің нұсқаулықтармен біртұтас жүйені қалыптастыру да үлкен мәселе болып отыр, - деді Саясат Нұрбек.

Айта кету керек, өткен аптада «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» стипендиясына құжат қабылдау басталды.

 

Соңғы жаңалықтар