Саясат Нұрбек: Түркі әлемін білім мен инновация дәуіріне бастайтын жаңа буын қалыптасуы тиіс
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің Білім министрлерінің ІХ отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Басқосуға салалық ведомстволардың басшылары, ТМҰ Хатшылығының өкілдері, сондай-ақ ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің делегациялары қатысты.
Отырысты ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түркістанның түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығы ретіндегі айрықша маңызын атап өтіп, оның бауырлас мемлекеттер арасындағы ықпалдастық үдерістерін нығайтудағы ерекше рөліне тоқталды.
Өз сөзінде министр биыл мамыр айында Түркістан қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті өткенін еске салды.
Саммит қорытындысы бойынша жасанды интеллект, цифрлық трансформация және адами капиталды дамыту түркі елдерінің ұзақ мерзімді ынтымақтастығының негізгі басымдықтары ретінде айқындалған болатын.
- Бүгінгі отырыстың стратегиялық маңызы ерекше. Өйткені білім беру – ортақ мақсат-мұраттарымыздың негізі әрі ортақ құндылықтарымызды сақтай отырып, түркі әлемін білім, инновация және жасанды интеллект дәуіріне бастайтын жаңа буын қалыптастырудың маңызды құралы. Білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту, цифрлық оқытуды жетілдіру және бірлескен ғылыми бастамаларды іске асыру арқылы мемлекеттеріміздің тұрақты дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыра аламыз деп сенемін, – деді Саясат Нұрбек.
Отырысқа қатысушылар ортақ тарихи-мәдени құндылықтарға, жоғары академиялық стандарттарға және орнықты даму қағидаттарына негізделген біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыру мақсатында білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екендерін растады.
Жиын барысында академиялық ынтымақтастықты кеңейту, цифрлық оқытуды дамыту, біліктіліктерді өзара тану тетіктерін жетілдіру, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ТМҰ елдеріндегі білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар цифрлық интеграцияны, білім беру технологияларын, деректер алмасуды және жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуды көздейтін «Цифрлық түркі әлемі» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қатысушылар цифрлық трансформацияның ұлттық стратегияларын дамыту және жаңа экономика үшін білікті кадрлар даярлау бағытындағы күш-жігерді үйлестіру қажеттігін айтты.
Отырыста ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Әмруллаев, Қырғыз Республикасының Білім министрі Догдуркул Кендирбаева, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Дурус Козуев, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің төрағасы Эрол Озвар, Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Сардор Раджабов, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің өкілдері баяндама жасады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысының коммюникесіне қол қойды. Құжатта қол жеткізілген уағдаластықтар бекітіліп, білім беру, ғылым, академиялық ұтқырлық, цифрландыру және кадрлар даярлау салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың алдағы қадамдары айқындалды.
Отырысты қорытындылаған министр барлық делегацияларға сындарлы диалог, белсенді қатысу және түркі әлеміндегі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол қабылданған шешімдер ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру жүйелерін одан әрі ықпалдастыруға және Ұйымның 2040 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттарын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, ТМҰ елдері «ақылды» және «жасыл» қалаларды дамытуға уағдаласты.