Саясаткер: ҚР Президентінің Әзербайжанда көлік жобасының ашылуына қатысуы - ерекше оқиға

БАКУ. ҚазАқпарат -Баку-Тбилиси-Карс (БТК) жаңа теміржол жобасы Әзербайжан, Түркия және Грузия үшін аса маңызды. Бұл жоба Қазақстан үшін де үлкен маңызға ие, деп есептейді «Атлас» зерттеу орталығының басшысы, саясаткер Эльхан Шахиноғлы. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның Әзербайжан Республикасындағы меншікті тілшісі хабарлады.

Саясаткер: ҚР Президентінің Әзербайжанда көлік жобасының ашылуына қатысуы - ерекше оқиға

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоғанның Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағытының ашылуына қатысуы - Баку үшін маңызды оқиға. Теміржолдың ашылуына Қазақстан Президентінің қатысатыны туралы жаңалық әлемдік қоғамдастықтың жобаға деген қызығушылығын арттыра түседі», - дейді сарапшы.

Оның пайымынша, Баку-Тбилиси-Карс бағыты бойынша Қазақстан мен Қытай өз тауарларын Еуропаға экспорттай алады және керісінше импортқа да жол ашылмақ. Бұл Қытай үшін теңіз арқылы өтумен салыстырғанда, әлдеқайда қысқа жол. Егер Қытай тауарларының бір бөлігін БТК арқылы жеткізер болса, бұл Қазақстанның транзитті мемлекет ретіндегі маңыздылығын арттыра түседі.

«Қазақстан мен Әзербайжан алдында тағы бір міндет бар. Екі ел Каспий арқылы көлік-логистика жүйесін дамытып, жақсартуы тиіс», - деді Шахиноглу.

«Н.Назарбаевтың алдыңғы сапары екі елдің екіжақты экономикалық қарым-қатынасты дамытуға ниетін көрсетті. Бірлескен кәсіпорындар  ашып, ортақ күшпен шетелдік инвесторларды тарту қажет. Бұған мүмкіндік жеткілікті. Қазақстан мен Әзербайжан - өз аймақтарындағы экономикалық көшбасшылар», - деп түйді сарапшы.