Саясаттанушы: Ядролық кластер құру – саяси тығырықтан шығудың жолы
АСТАНА. KAZINFORM — Ел Президентінің елімізде ядролық кластер құру туралы ұсынысы энергетикалық мәселелерді шешу үшін ғана емес, күрделі саяси жағдайдан шығу үшін де маңызды қадам бола алады. Бұл пікірді саясаттанушы Данияр Әшімбаев айтып отыр.

Сарапшының айтуынша, елде жылдан-жылға артып келе жатқан электр қуаты тапшылығын шешу үшін бір атом электр станциясы жеткіліксіз болады.
– Алғашында елдің энергетикалық жүйесін дамытуға қатысты түрлі сценарийлер қарастырылғанда, бір ғана станция қуат тапшылығын шеше алмайтыны белгілі болды. Яғни, бірден бірнеше блоктан тұратын АЭС салу қажет немесе бірнеше АЭС салу мүмкіндігін қарастыру керек, – деді Д.Әшімбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Д.Әшімбаев Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу мәселесі сарапшылар арасында осыдан 30 жыл бұрын талқыланғанын атап өтті. Ол кезде география мен қуат қажеттілігін ескере отырып, жаңа станциялар салу үшін үш аймақ: Курчатов, Ақтау және Балқаш таңдалған болатын.
Саясаттанушының айтуынша, бүгінде Қазақстанда ядролық кластер құру үшін барлық қажетті ресурстар бар.
– Бұл сала бойынша Қазақстанда шикізат, ғылыми және технологиялық база толығымен бар. Еліміз үшін жаңа сала емес және бүгінгі таңда ауадай қажет болып отыр. Сондай-ақ, референдум көрсеткендей, халық АЭС құрылысына оң көзқараста, – дейді спикер.
Дегенмен, оның айтуынша, Қазақстандағы АЭС құрылысы мәселесі саяси аспектілерді де қамтиды.
– Қазақстанмен келісімшарт бекіту үшін халықаралық деңгейде бәсекелестік бар. Бұл тек экономикалық және технологиялық сұрақтарды ғана емес, саяси мәселелерді де қозғайды. Технологиялық тұрғыдан қиындықтар туындауы мүмкін болса да, Қазақстан жобаны бір операторға емес, кемінде екі операторға тапсыруы мүмкін. Бұл халықаралық бәсекелестікті азайтып, АЭС мердігері болып таңдалатын елдердің экономикаларымен Қазақстанның интеграциясын нығайтар еді. Өйткені, консорциум мәселесі өте күрделі. Әдетте, АЭС құрылысында негізгі оператор болады, ол реакторды салады, ал қалғандары жобаның басқа бөліктеріне қатысады, – деді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, екі АЭС-ті бір оператордың салуы жеңілірек болар еді, себебі әртүрлі компаниялар түрлі технологиялық типтегі реакторларды пайдаланады. Алайда екі түрлі компанияға сеніп тапсыру саяси шиеленісті төмендетуі мүмкін.
– Саяси шиеленісті азайту үшін мысалы, бір жобаны «Росатомға», ал екіншісін – шартты түрде айтқанда, француз немесе корей компаниясына беру саяси қысымды төмендетер еді. Бірақ бұл технологиялық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Қазір республика басшылығының қандай нұсқаны таңдайтынын айту ерте. Бәлкім, екі станция құру идеясы саяси тығырықтан шығудың бір жолы болар. Себебі біз «Росатомға» қандай қысым жасалып жатқанын көріп отырмыз. Оның негізгі үміткерлердің бірі екені түсінікті. Сонымен бірге, еуропалықтар мен америкалықтар оның әлемдік нарықтағы үлесін қысқарту үшін оған үлкен қысым көрсетіп жатқаны да белгілі, – деп түйіндеді Данияр Әшімбаев.
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажеттігі жөнінде ұсыным беруді тапсырды.
Ал алғашқы АЭС құрылысы туралы келісімдерге жақын арада қол қойылмақ.