Саясаттанушы алдағы Мәжіліс сайлауының ерекшеліктерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сайлаудың әділ өтуі – азаматтардың сол саяси додаға қатысу белсенділігіне байланысты. Мұндай пікірді Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Алдағы кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жаңа, ерекше жағдайда өтейін деп тұр. Мұның барлығы Президент жүргізіп жатқан саяси реформалардың нақты жемісі, көрінісі деп айтуға болады. 2019 жылдан бері Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында саяси реформалардың 5 топтамасы қабылданды. Оның аясында еліміздегі белгілі саясаттанушылар, сарапшылар, қоғам белсенділерінің қатысуымен заңнамалық тұрғыда сайлау, саяси партиялар, шерулер туралы заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде алдағы өтетін сайлаудың бұған дейінгі саяси додалардан бір ерекшелігі – бұл сайлау жүйесінің өзгеруі. Яғни, осы жолы сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйемен өтеді. Демек, тек партиялық тізіммен ғана емес, сонымен бірге жекелеген азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы 29 мандат үшін таласқа түсе алады. Бұл орын тек Мәжіліс деңгейінде. Ал облыс, қала, аудан деңгейінде мәслихатта бұл үлес өзгереді. Мысалы облыста 50/50 болса, ал аудан, қала деңгейінде 100 пайыз өзін өзі ұсыну арқылы сайлауға қатысуға мүмкіндік беріліп отыр», - деді саясаттанушы.

Оның атап өтуінше, алдағы сайлаудан кейін Мәжіліске жаңа саяси күштердің, жаңа саяси партиялардың келуі маңызды. Ал олардың төменгі палатаға өкілдік етуіне сайлау кезінде саяси партиялардың Парламентке өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде саяси партияларды тіркеу шарттары да біршама жеңілдетілді. Нақтырақ айтсақ, бұрын саяси ұйымның тіркелуі үшін жақтаушылар саны 40 мың, одан кейін 20 мың болуы тиіс еді. Заңға енгізілген өзгертулердің арқасында саяси партиялар 5 мың жақтаушысымен тіркелуге мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндікті таяуда 2 саяси ұйым пайдаланып, Әділет министрлігінен ресми тіркеуден өтті.

«Әрине, бұл еліміздегі саяси алуантүрлілікке мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда мұны сайлаудың жаңашылдығы, ерекшелігі деуге болады. Мұнан бөлек, дауыс беру бюллетеніне «барлығына қарсымын» деген жаңа баған енгізілді. Оның өткен кезектен тыс президент сайлауында қолданылғанын көрдік. Нәтижесінде үміткерлердің «барлығына қарсымен» деген сайлаушылардың үлесі 5 пайызды құрады. Бұл да азаматтардың сайлаудағы таңдау құқығы. Демек, саяси партияны немесе қандай да бір кандидатты мүлдем қолдамайтын азаматтар сайлауда осы құқығын қолданады. Яғни, азаматтар сайлауға келіп дауыс беру, «барлығына қарсымын» деген бағанға белгі қою арқылы өзінің сайлауға қатысы бар екенін білдіруге мүмкіндік алып отыр», - деді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Сонымен қатар Қазбек Майгелдинов Президент бастамасымен әйелдер мен жастарға және мүгедек азаматтарға Мәжілісте 30 пайыздық квота қарастырылып отырғанына назар аудартады.

«Мәжілістегі партиялық тізіммен сайланатын 69 мандатқа да, мажоритарлық тізіммен сайланатын 29 мандатқа да осы квота міндетті түрде сақталатын болады. Бұл әйелдердің, жастардың, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлану құқығын пайдалануға үлкен үлес қосады», - деді ол.

Саясаттанушы кез келген сайлаудың әділ өтуі – бұл азаматтардың сол сайлауға қатысу белсенділігіне тікелей байланысты екендігін баса айтады.

«Осы тұрғыдан алғанда бүгінде елімізде байқаушылар институты үлкен қарқын алып отыр. Яғни, сайлаудың әділ, ашық өтуіне дауыс беру кезінде де, оларды санау кезінде де байқаушылардың қатысуы, үлкен үлес қосады. Мәжіліске, әсіресе мәслихаттарға өзін өзі ұсынатын азаматтың болсын, саяси партияның болсын сенімді өкілдері болады. Байқаушыларды да тартуға мүмкіншілігі бар. Біз осы байқаушылар институты арқылы сайлаудың әділ өтуіне септігімізді тигіземіз деп ойлаймын», - деді Қазбек Майгелдинов.

Ұлттық құрылтай мүшесі бүгінде халық қалаулыларына тұрғындар тарапынан талаптың жоғары екендігіне тоқталды.

«Тіпті, саяси партиялардың өзі үміткерлер тізімін бекіткен кезде ішкі сұрыптауға қатаң талап қойып жатыр. Себебі, ең алдымен депутаттар жариялы болуы керек. Олардың ашықтығы өте жоғары болуы тиіс. Белсенділігі, сайлаушылармен кездесуі, көзқарасын білдіруі, Мәжіліс мінберінен азаматтардың мүддесін қорғау мәселесінде саяси сауаттылығы жоғары болуы шарт. Халық қалаулыларының пікірталасқа араласуға ынтасы да жоғары болғаны жөн. Сонымен қатар мемлекетшілдік қасиеттеріне де назар аудару қажет. Сонымен қатар кез келген депутат сайлаушылардың алдында берген уәдесін, сайлауалды бағдарламасын орындауға мүдделі болуы тиіс. Демек, алда парламентаризм институтының дамуында үлкен белес күтіп тұр. Осы белестен абыроймен өту керек. 8-ші сайланатын Мәжіліс өз үміткерлерін ұсыну арқылы жаңа Үкіметті жасақтауға атсалысады. Осылайша, біз тек еліміздегі саяси жүйенің қайта құрылуын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік аппараттың, оның ішіндегі мемлекеттік қызметтегі, биліктегі жаңа тұлғалардың, элитаның келуін күтеміз», - деді Қазбек Майгелдинов.


Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар