Саясаттанушы мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауының тарихи ерекшелігін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Саясаттанушы, қоғам қайраткері Әділ Сайлаубек мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауының тарихи ерекшелігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында сайлау биыл күзде болатынын атап өткен еді. Саяси тұрғыдан сараптап қарасақ, бұл сайлаудың болатыны анық еді. Дәл 20 қарашаға дөп келуі президенттік сайлау заңдылықтарының уақыт шеңберіне байланысты деп есептеймін. Саяси партиялардың, басқа да белсенділердің сайлауалды бағдарламаларын пысықтауына, үміткерлерді өзара іріктеуге бір ай уақыт болды деп түсінсе болады. Енді нақты үміткерлер ұсынылады. Бұл мемлекетіміздің тұрақты, әлемдік шиеленістерге дайын болу мақсатында осындай қарқынды жүйе керек болды деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.
Сарапшы қарашадағы сайлау әлем құбылып тұрғанда өтетініне де тоқталды.
«Бұл сайлаудың тарихи маңызы жеңімпазы Президент лауазымында бір мәрте ғана отыра алатынында. Ал жеті жылдық мерзім тұрақтылықтың арқасында реформаны іске асырып үлгеруге мүмкіндік береді»,- деді Әділ Сайлаубек.
Еске салайық, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді .
Фото: turkystan.kz