САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ: Санкт-Петерборда құрылған тұңғыш қазақ студент жастарының ұйымы - «Жерлестер»

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жерлестер» - қазақ тарихындағы тұңғыш жастар ұйымы. Ұйымды ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Санкт-Петербор университетіне білім, ғылым, өнер үйренуге барған Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Теміров сынды бір топ қазақ жастары құрған болатын.
None
None

Елден үкілі үмітпен аттанған еді...

Қазақ қайраткерлері шыңдалған, өмірлік мұраттарын айқындауға септігін тигізген ұйымда олар басқосулар өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып, дүниетанымын қалыптастырды. Бұл ұйым жөнінде тарихи деректер, зерттеулер жеткіліксіз. 1983 жылы зерттеуші С.Созақбаев «Білім және Еңбек» журналына «Петербург университетінде оқыған қазақ жастары туралы тың деректерді» жариялады. 1996 жылы шыққан зерттеуші С.Өзбекұлының «Барлыбек Сыртанов» атты құнды еңбегінде аталмыш ұйым турасында мәліметтер кездеседі. Зерттеуші С.Өзбекұлы Б.Сыртановтың Санкт-Петербург университетінде оқыған кезеңін қарастыра отырып, Барлыбектер құрған «Жерлестер» ұйымының мақсат-міндеттерін айқындап, ашып көрсетеді. Деректің тапшылығына қарамастан елдік мүддені көздеген «Жерлестер» ұйымының жұмысымен, тынысымен там-тұмдап таныстыруды жөн көрдік. Алдымен, «бұл ұйым қалай дүниеге келді, заманының ыңғайы қалай болды?» деген сұрақтарды тарқаталық.

Барлығын да ел үкілі үмітпен аттандырған еді. М.Тынышбаев ұстазы Б.Сыртанов туралы өзінің естелігінде: «...Сондай қиыншылықта Жетісу деген бір түкпірден қазақ көрмеген я естімеген жерге Барлыбек ...жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі болып, жол көрсету үшін жалғыз кетті» дейді. Ал Жетісу облысынан тұңғыш болып Санкт-Петерборға білім алуға аттанып бара жатқан Барлыбек Сыртановты бүкіл ел болып, құдайы тамақ беріп, құран оқытып және жиған-тергендерін қолына ұстатып ұзақ сапарға шығарып салады. Осылайша, әрбір қазақ баласы ел аманатын арқалап Санкт-Петерборға келген болатын.

Қазақ қоғамындағы қалыптасқан әлеуметтік жағдайлар мен саяси құқықтық қатынастар қазақ даласының әр түкпірінен келген Б.Сыртановтың, Б.Қаратаевтың, М.Сердалиннің, А.Теміровтың, Б.Құлмановтың, С.Жантөриннің өзара тізе қосып бірігуіне әкелді, әрі олардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін анықтауға әсер етті. «...Сол кезде Петроградта 2-3-тей-ақ қазақ студент бар еді, қазақ арасынан университетке алғаш кірген солар еді» деп жазады М.Тынышбаев.

Солардың бірі - 1881 жылы Петербор университетінің заң факультетіне қабылданған Бақтыгерей Құлманов. Ол осы факультетте 1884 жылға дейін оқып, әр түрлі себептерге байланысты университеттің шығыс тілдері факультетіне ауысты. 1889 жылы тіл білімінің министрі деген үлкен ғылыми атақпен ойдағыдай бітіріп шықты. Б.Құлманов араб, парсы, түрік және татар тілдерін еркін меңгерген оқымысты қазақтар қатарындағы тұңғыштардың бірі.

1883 жылы университеттің математика факультетіне Орынбор гимназиясын бітіріп келген Сәлімгерей Жантөрин түсті. Бірақ ол белгісіз себептерге байланысты университетті аяқтамай тастап кетті.

Петербор университетінің есігін 1886 жылы бір топ қазақ жастары ашты. Олардың ішінде Көкшетаудан келген Мәмбетәлі Сердалин, Жетісудан - Барлыбек Сыртанов, Оралдан - Бақытжан Қаратаев, Ақтөбеден - Абдолла Теміров сияқты жас жігіттер бар еді. М.Сердалин жаратылыстану факультетіне түсіп, В.И.Лениннің ағасы А.И.Ульяновпен бірге оқыды. Б.Қаратаев пен А.Теміров заң факультетінде оқыды. Барлыбек Сыртанов шығыстану факультетіне түсті. Университет қабырғасында қазақ даласының әр облысынан білім іздеп келген жастар қоян-қолтық араласып, шартарапқа әйгіленген білім ордасынан сусындайды. Ат төбеліндей ғана қазақ жастары ұлтын ұшпаққа шығару қамын жасап, кемел келешегі туралы көкейкесті мәселелерді көтереді. Осы университет қабырғасынан білім нәрімен қаныға сусындап, сайын даласында азаттық пен өркениет жаршысы болуды көксейді. Бұл мұраттардың бәрін университетте әр ұлттың жастары арасында өзінің бағдарламасы бар, саяси бағыт көздеген «Жерлестер» («Землячества») үйірмесі немесе «Жерлестер одағы» («Союз землячества») деп аталатын астыртын ұйымдардың ішінде жүріп шыңдаған еді.

Ұйымның астыртын жұмыс жасауының өзіндік себебі бар. Сол уақыттарда Ресей империясының астанасында 1886-1887 жылдарда студенттер арасында кең қанат жайған революциялық және студенттік қозғалыстар, саяси оқиғалар көп болды. Мәселен, 1886 жылы астанада болған тоқыма саласында істейтін жұмысшылардың стачкалары, 1887 жылдың ақпан айында Петропавл қамалында курсист-студент Н.Ветрова зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық білдірумен өзін-өзі өртеуі бүкіл Ресей империясының барлық университеттерінде студенттердің толқуына себеп болуы, сондай-ақ, 1887 жылы наурыздың 1-нде Александр ІІІ патшаға қарсы А.Ульянов және басқа революционерлердің жасаған қастандық әрекеттері. Осы оқиғалар студенттердің рухын, жігерін қайрап, олардың саяси белсенділігін арттыра берді. Әрине, бұл оқиғалар билікті қатты алаңдатты. Патша өкіметі қатаң тәртіпке көшті. 1886 жылы Ресей университеттерінде 1884 жылы бекітілген жаңа Устав енгізілді. Жаңа Уставтың талаптары студенттер мен оқытушы-профессорларға қатал тәртіп енгізіп, университетте дәстүр болып жалғасып келе жатқан демократиялық дәстүрлер қыспаққа алынды. Студенттердің ұйымдар мен үйірмелер құруларына, ақшалай қор ұйымдастыруға, тіпті, жиылып концерт қоюларына қатаң тыйым салынды. Университет басшылары аталмыш әрекеттерге қатыспауға міндеттеме ретінде әрбір студенттен қолхат алып отырған (Б.Сыртановтың осы турасында жазған қолхаты сақталған). Бекітілген тәртіптерге қарсылық білдірген студенттерге Устав бойынша сөгіс жариялау, 24 сағаттан 4 аптаға дейін карцерге қамау, университеттен уақытша қуу және оқудан шығару сияқты жазаларды қолдану іс жүзіне асырылды. Демалыстарда еліне қайтатын немесе басқа жерлерге баратын жағдайда да рұқсат сұраған. Абдолла Теміров Торғай облысына қайтпақ болғанда арнайы рұқсат сұрап, өтініш жазған. Сондықтан да студент жастар барлық игі саяси, рухани шараларын астыртын жасауға мәжбүр болғанын байқаймыз.

Соған қарамастан 1880 жылдары Санкт-Петербордың барлық жоғары оқу орындарында астыртын түрде «Жерлестер» ұйымдары кең қанат жайған болатын.

Олардың құрылуының негізгі себебін С.Өзбекұлы жан-жақты тарқатып, ашып өтеді: «Бір өлкеден, бір топырақтан шыққан студенттердің қоян-қолтық араласуы және бір-біріне қамқор болуы еді. Алғашында «Жерлестер» ұйымының мүшелерінің мақсаты бір ұлттан немесе бір өлкеден келген мұқтаж студенттерге материалдық көмек көрсету болған. Бірақ бұл ұйымдардың пісіп-жетілуі барысында алдарына қойған мақсаттары саясатқа ұшырасып кетіп отырды». Бірте-бірте «Жерлестер» үйірмелерінің аясы ұлғая келе көп студенттерді қамтыған «Жерлестер одағына» айналып отырды. Олардың арнайы Уставтары, мүшелік жарналары болған. 1880 жылдары Санкт-Петерборда студенттер арасында 20-ға жуық «Жерлестер» үйірмелері болған және олардың мүшелігіне 1500-ге тарта студент кірген. Атап айтсақ, студенттердің Сібір, Поволжье, Кубань, Дон, Польская касса, Таврия, Новгород, Украина, Грузия, Армения сияқты «Жерлестер» үйірмелері мен одақтары тұрақты түрде қалыптасты.

С.Шорманов Барлыбек Сыртанов үшін Потанинге хат жазды...

Сол «Жерлестер» ұйымы қазақ жастары арасында да болған еді. Барлыбек Сыртанов, Мәмбетәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров және шығыстану факультетінде бұлардан бұрын келіп дәріс алып жүрген Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттер «Жерлестер» үйірмесін құрады. Қазақ жастары үйірмеге мүше болған студенттерге қаражатпен көмектесу, ауырған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешті. Өйткені, университет қабырғасында оқып жүрген студенттер материалдық ауыр жағдайды да бастан кешіреді. 1887 жылғы наурыздың бірінші жұлдызында Александр ІІІ-ге қастандық жасағаннан кейін Министрлер кабинеті оқу үшін төленетін ақыны (1884 жылғы Устав бойынша бекітілген 60 рубльді 100 рубльге көтерді) тым көтеріп жіберді. Бұдан да басқа көптеген төлеуге міндетті нәрселерді жүктеді.

Студенттердің 40 пайызы материалдық ауыр жағдайда болды. Бақтыгерей Құлманов студенттік өмірін өте ауыр мұқтаждықта өткізген, соған қарамастан университетті тастап кетпей, оның толық курсын аяқтап шыққаны жөнінде деректер бар. Ал қазақ зиялысы Сәдуақас Шорманов Санкт-Петербор университетіндегі Барлыбек Сыртановтың халінен хабардар болып, Григорий Потанинге жазған хатында: «...бір бала Петербургский университетте оқиды, руы Сыртанов, соған мүмкін болса көрісіп, лайық болған қадари жәрдеміңізден тастай көрмеңіз» делінген. Қазақтың баласының бір-біріне деген осындай жанашырлығы, бауырмалдығы, қамқорлығы жүректі елжіретпей қоймайды.

Материалдық мәселелерді шешіп қоймай, сонымен қатар, «Жерлестердің» жиылыстарында астыртын революциялық мазмұндағы прокламацияларды оқып талқылау, теңсіздік пен әділетсіздік, қазақ даласында мәдени-ағартушылық ісін тарату туралы пікірлер жиі-жиі айтылып тұрды. «Жерлестердің» мүшелері қаладағы қайнап жатқан өмірден де тыс қалмай, барлық оқиғаларға атсалысып отырды. 1886 жылы 17 қарашада орыстың ұлы ойшылы Н.А.Добролюбовты еске түсіруге арналған демонстрацияға 1500-ге жуық адам қатысады. Патша өкіметі Нева даңғылына шыққан демонстранттарды солдаттармен қоршауға алып, таратып үлгерді. Аса белсенділік танытқан университет, орман, технология институттары мен діни академияның студенттерінің бірсыпырасы оқудан шығарылды.

Сол күні кешке Александр Ульяновтың пәтерінде бір топ студенттер болған оқиғаның мән-жайын бағалағаннан кейін «Петербургтегі 17-қараша» деп аталатын прокламация жазып бітіреді. Прокламацияның мазмұны студент жастарды патша өкіметінің демократияны тұншықтыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы тұруға, бірлікті нығайтуға шақырды. Үлкен саяси мәні бар бұл құжат тез арада бүкіл Санкт-Петербор студенттерінің арасына тарап үлгереді. Оның мазмұнымен қазақ студенттері де жақсы таныс болған.

Барлыбек Сыртанов және басқа да қазақ жастары 1889 жылы М.Е.Салтыков-Щедрин мен белгілі революционер демократ Н.Г.Чернышевскийді жерлеуге арналған азалы митингілердің де куәгері болған. Бұл саяси мәні бар оқиғалар қазақ жастарының саяси жағынан шыңдалуына ықпал етті.

Қазақ жастарының арасынан университетте, әсіресе, Мәмбетәлі Сердалин революциялық қозғалыстар мен студенттік жиындарға жиі-жиі қатысып жүрді. 1887 жылғы 1 наурызда Александр ІІІ-ге қастандық жасау ісіне белсене қатысқан бір топ студенттер - Александр Ульянов, Василий Осипанов, Петр Шевырев, Пахомий Андреюшкин, Василий Генералов өлім жазасына кесіледі. Жүздеген студенттер оқудан шығарылады. Мәмбетәлі Сердалин де универстеттің жаратылыстану факультетінен шығарылып, Көкшетауға полицияның бақылауына жіберіледі. М.Сердалин жөнінде Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «1886 ж. Петербург университетінде оқыды. Бірақ «Жерлестер одағы» атты студенттік ұйымға қатысқаны үшін университеттен шығарылды» деп келтірілген. Демек, «Жерлестер» ұйымы саяси бағыт алғандықтан әлгі саяси оқиғаға қатысып, белсенділік танытқан. Ал «Жерлестердің» мүшесі болып, оның жиындарында көрінгені үшін патша өкіметі М.Сердалинді оқудан шығарып тынған. Б.Қаратаев, Б.Сыртанов және А.Теміров 1890 жылы университеттің толық курсын ойдағыдай аяқтады. Бұлардың ішінде Б.Қаратаевтың, тамаша дарынды қабілетіне патша үкіметінің басшылары да назарын аударып, Сенаттың екінші департаментіне қызметкер болып орналасуына жолдама берді.

Бақтыгерей Құлманов - Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік думасының депутаты

Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов университеттен диссертация дипломмен қоса ғылым кандидаты атағын алып шыққан қазақтың қоғам қайраткері, Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік думасының депутаты, Алаш көсемдерінің бірі. Бақтыгерейден кейін 1883 жылы университетке түскен Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин де Ресейдің І Думасына мүше болған. Қазақ студенттерінің зеректігін осы университетті Құлманов пен Жантөриннен кейін іле-шала, 1890 жылы бітірген алғашқы лектің мысалынан да көреміз. Жетісулық Барлыбек Сыртанов шығыс тілдері факультетін араб, парсы, түрік, татар тілдері негізінде І дәрежелі дипломмен, ырғыздық Абдолла Теміров алтын медальмен, оралдық Бақытжан Қаратаев заң факультетін алтын медальмен тәмамдады. Үшеуі де кейіннен ұлтжанды қайраткерлер дәрежесіне көтерілді. Бұлармен бір жылда түскен көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин саяси көзқарасы үшін қудаланып, университетті бітіре алмағанымен, зиялы, экономист-ғалым ретінде танымал болды. Міне, осындай тарихи тұлғалар «Жерлестердің» жиынында дүниетанымын кеңейтіп, ел үшін аянбай қызмет етті.

«Жерлестер» тұңғыш заңгерлерді, қайраткерлерді қалыптастырды

Петербордағы «Жерлестер» үйірмесінде талқыланған ойларды қайраткер тұлғалар қазақ даласына келіп, жүзеге асыра бастағанын олардың өмірі мен саяси қызметтері, жазған еңбектерінен көреміз. «Жерлестер» тұңғыш заңгерлерді, қазақ зиялыларын, халыққа қалтқысыз қызмет ететін қайраткерлерді қалыптастырды. Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып халықтық мақсатты орындап, іс қылуды тағы да «Жерлестер» ұйымы негіз салып берді.

Әлихан Бөкейханов 1890 жылдары Петерборға барғанда Б.Сыртанов, А.Теміровтердің оқу бітіріп, елге қызмет етуге кіріскен кездері еді дейді. «Онда мен оқу қуалап, анда-санда болмаса, жақындасқан жоқ едім. Жігіт сыны одақтасып іс қылғанда белгілі болады. ...Осы күнгідей бірігіп істейтін іс-өнер болмаған соң, онда мен Барлыбекпен сырлас бола алмадым». Алдыңғы буын ағаларының қарқынына қарап, үдесінен шыға алмай қалармын деп білімін жетілдіре бергенін айтады. Кейін 1911 жылы жазда Әлихан Бөкейханов Барлыбекпен келелі істерді талқылап болғаннан соң «құшақтасып, сүйісіп айрылысқан едік» деп жазады. Енді «Жерлестерден» қанатын қағып ұшқан қазақ жастары ойы, көзқарастары ХХ ғасырдың басындағы Алаш идеясына ұласып кетіп, Әлихандармен бірге түпкілікті ойларымен тыңғылықты істер атқарды.

«Жерлестер» ұйымын құрған қазақ жастарының салған сара жолының, яғни алдыңғылардың үлгісі, бір-біріне қамқорлығы арқасында Санкт-Петерборда оқығандар көп болды. Санкт-Петерборда ХІХ ғасырдың 90-жылдары оқығандар қатарында: ақмешіттік Серәлі Лапинді, семейлік Дінмұхамед Сұлтанғазинді (Шоқанның немере інісі), оралдық Әбдікәрім Ниязовты, қарқаралылық Әлихан Бөкейхановты атауға болады.

ХХ ғасыр басындағы Санкт-Петербор түлектері: заңгер Райымжан Мәрсеков, заңгер Жақып Ақбаев, заңгер Жанша Сейдалин, темір жол инженері Мұхамеджан Тынышпаев, дәрігерлер Гүлсім мен Мәриям Асфендияровалар, Халел Досмұхамедов (Әскери-медицина академиясында оқыған), университетте физика-математика факультетін бітірген Ысқақ Дүйсембиев, және т.б.

Қорыта келгенде, бостандық жолындағы сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалыстың бір әрекетін Ресей астанасының қақ төрінде ерен ер тұлғаларымыз «Жерлестер» ұйымының аясында көрсетті.

Соңғы жаңалықтар