Саяси партиялардың тікелей эфирдегі соңғы теледебаты басталды
АСТАНА. KAZINFORM - 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар төрағаларының қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат басталды.
Сөз додасының тақырыбы: «Дамыған экономика – қуатты қоғам».
Айта кетейік, кеше тікелей эфирде дебатқа қатысушылардың сөз сөйлеу кезегін анықтайтын жеребе тарту рәсімі өткен болатын.
Құрылтай сайлауы алдындағы соңғы телевизиялық пікірталасқа жеті саяси партияның жетекшілері қатысып отыр. Олар мына реттілік бойынша сөз тізгінін алады:
1. Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров;
2. Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев;
3. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева;
4. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай;
5. «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов;
6. Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов;
7. Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.
Дебат, әдеттегідей, төрт кезеңнен тұрады. Қатысушыларға өз партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыруға, қарсыластарына сұрақ қоюға және көрермен жолдаған сауалдарға жауап қатуға мүмкіндік беріледі. Ал төртінші бөлімде партия басшылары қорытынды үндеуін жасайды.
Еске салайық, Құрылтай сайлауы алдындағы теледебат бұған дейін үш рет ұйымдастырылды. Өткен аптада Jibek Joly арнасы тікелей эфирде көрсеткен теледебатта партия өкілдері екі спикерден шықты.