Саяси реформалардың жаңа пакетінен оң нәтижелер болады - Бану Нұрғазиева
«Әрине, саяси реформалардың жаңа пакеті жігерлендіреді, сондай-ақ Президенттің осыған дейінгі реформаларының сабақтастығын көрсетіп тұр. Осы орайда Мемлекет басшысы бастапқыдан жария еткен бастамалар бағытымен келе жатыр», - деді Бану Нұрғазиева «Президенттік жаңа саяси реформалар пакеті» тақырыбындағы сараптамалық талқылау барысында.
Бұл тұрғыда ол барлық бастамаларды қолдайтынын, сондай-ақ бұдан ары қарай жаңа әлеуметтік бастамалар жалғаса беретініне сенімді екенін жеткізді.
«Жалпы, азаматтық қоғам әлеуеті қандай? Өткен жылы қараша айында барлық облыстарға сапармен барып, азаматтық қоғам өкілдерімен кездестім. Атап айтқанда, қазіргі кезде жағдай өзгерді, саяси кеңістік өзгерді. Бұл салаға жастар келіп жатыр және олар түрлену қадамдарына дайын. Сонымен қатар, сайлау кезінде байқаушы болуға қызығушылық танытқандар көп кездесті. Оны біз жақсы көрсеткіш деп бағаладық, себебі қоғам тарапынан белсенділік артып келеді», - Бану Нұрғазиева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі сарапшылық талқылауға саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, заңгерлер, танымал саясаттанушылар қатысты.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Президенттің ұсынған және жүзеге асырылған бастамаларының басым бөлігі мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс тетіктерін жетілдіруге негізделгенін айтты.