Саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу: Депутаттар заң қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары 2023 жылғы 7 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Заң жобасының басты мақсаты – онлайн-платформа және онлайн-жарнама мәселелерін құқықтық реттеу», – деді заң жобасы туралы баяндаған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Оның атап өтуінше, заң жобасы онлайн-платформалардың жұмысын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларын еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады.

«Заңның міндеті – әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Аталған заң жобасының басты новеллалары онлайн платформаларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Заңды қабылдау жұмыс тобына Мәжіліс депутаттарымен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы өкілдері, әлеуметтік желіні қолданушылар кірді», - деді депутат.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын қабылдап, оны Сенат қарауына жіберді.


Соңғы жаңалықтар