Саяжайда болған қарақшылық ашылды

ОРАЛ. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Таяуда белгісіз төрт адам Орал қаласы аумағында орналасқан «Вагонник» деп аталатын саяжай қоғамындағы үйлердің біріне баса көктеп кіріп келіп, қожайынды ұрып-соққанымен қоймай, бағалы заттарды да алып кеткен, деп хабарлайды Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиева.

Саяжайда болған қарақшылық ашылды

Белгісіз төрт адам түскі мезгілінде Орал қаласы маңында орналасқан «Вагонник» деп аталатын саяжайдағы үйлердің біріне қарақшылық шабуыл жасаған. Олардың басты мақсаты - бағалы заттарды тонау болған. Тал түсте үйдің есігін сындырып кірген төртеудің біреуі үй қожайынына тарпа бас салып, қолындағы балтамен басынан ұрғылайды. Бұл төртеуіне әлі келмесін білген үй иесі басын бұғып отыра қалып, қолындағы ұялы телефонмен полицияға хабарласпақшы болады. Полицияға хабарласып қоярын сезген қарақшылардың бірі қолынан телефонын жұлып алып, тағы да тепкінің астына алады. Кейін денесі қанға боялған қожайынның еш шарасы қалмағанын, қайта қарсыласа алмайтындай етіп ұрғылағаннан кейін телефонды салып алып, оқиға болған жерден бой тасалайды. Сондағы алғандары ұялы телефон ғана. Қожайын қумақшы болып, терезеден секіргенде аяғын да сындырып алады. Бірақ, жәбірленуші оқиғаның ізін суытпас үшін дер кезінде полицияға хабарласқан. Көп уақыт озбай 102 қызметіне хабар келіп түскеннен кейін жедел топ құрылып, полицейлер оқиға орны мен қаланың басқа да жерлеріне іздестіруге кірісіп кетеді.

Полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында қарақшылық шабуыл жасаған топ дереу қолға түсті. Олардың екеуі бұрын да қылмыс жасағаны үшін іздестіруде жүрген қылмыскерлер болса, бірі жасы кәмелетке толмаған жасөспірім екендігі анықталып отыр.