Саяжайға арналған жердегі үйлерді мемлекет есебінен толық көшіру керек – Абзал Құспан

абзал құспан
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Орал қаласындағы тасқын қаупі бар саяжай үйлерін жемқорлықпен үлестіріп кеткен телімдерге мемлекет есебінен көшіруді ұсынды.

«Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдары бойынша бірінше кезекте елді судан қауіпсіз аймаққа көшіру керек деп есептеймін. Біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек. Жаһандық жылыну жағдайында мұндай су тасқындары Қазақстанда енді жиілей бермек. Ол – аксиома. Сол себепті саяжайға арналған жердегі үйлерді мемлекет есебінен толық көшіру ғана жалғыз әрі дұрыс шешім болмақ. Ол үшін облыста, жалпы Қазақстанда жер жетеді. Бірақ оған жаңадан жер бөліп, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасатып, коммуникация тартып қажет емес. Кезінде сыбайлас жемқорлықпен заңсыз берілген жерлер есебінен жаңадан құрылыс бастап кетуге әбден болады. Батыс Қазақстан облысында ондаған жылдар бойы кейбір пысықтар мен пысықайлар жүздеген, мыңдаған гектар жерді мемлекеттен тегін алып, оны 10 «сотықтан» бөліп, халыққа сатып келді. Ол жерлерде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бар, кейбіріне коммуникация да тартылған. Бір таңғаларлығы, олардың әрекетінен жергілікті құқық қорғау органдары ешқандай заңға қайшы әрекет көрмейді», - деген депутат Орал қаласындағы өрескел заңсыздықты еске алды. 

Оның айтуынша мұндай заңсыздықтарға облыс басшылғының да қатысы бар.

«Жалпы Батыс Қазақстан облысына әкім боп келген азаматтар жер сатуды кәсіпке айналдырып алды. Нақты мысал, екі мыңыншы жылдардың басында Гайденко деген пысық облыс әкімшілігі арқылы жүздеген гектар жер алып, оны күні бүгінге дейін сатып тауыса алмай жүргенін құқық қорғаушылар емес, қарапайым блогер Айболат Бөкенов анықтады», - деді Абзал Құспан. 

Депутат осыған ұқсас заңсыздықтар Атырау облысында да болғанымен, құқық қорғау органдары дереу ден қойып, істер сотқа жеткенін айтады. Ал Батыс Қазақстанда мұнай қозғалыс байқамаған. Сондай-ақ ол өңірдегі осы заңсыздықтарды көрсетіп Бас прокуратураға жолдаған сауалы облыстық прокуратурадан бірақ шыққанын айтады.

«Мыңдаған дерді жемқорлық жолмен таратқан да, 10 «сотық» жерге қол жеткізе алмай отырған қарапайым адамдарға саяжай жерінен үй салуға рұқсат берген де әкімдер. Ендеше әкімдер өз қателерін өздері түзесін. Халықты суға кетпейтін, қауіпсіз жерге көшірсін. Жер иесі – мемлекет. Ал Конституция бойынша мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық. Сондықтан Орал қаласындағы суға кеткен саяжай тұрғындарын қауіпті аймақтан көшіру кезек күттірмес шаруа. Ол үшін екі кезекті екі жылға арналған шағын бағдарлама қажет. Бірінші кезекте үйі тұруға жарамайтын азаматтарға биыл салынып, келесі жылы қалған адамдарды көшірсек, біз азаматтарымыздың да құқығын қорғаймыз және болашақта мемлекет есебінен тағы да миллиардтаған шығындардың алдын аламыз. Депутаттық сауалға Батыс Қазақстан облысындағы жерге қатысты материалдарымды қоса жолдаймын», - деді Абзал Құспан.

Соңғы жаңалықтар
telegram