Сайланған әкімдер арнайы тексеруден өткеннен соң ғана ресми қызметіне кірісе алады - ОСК
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Сайланған ауыл әкімдері арнайы тексеруден өткеннен соң ғана ресми қызметіне кірісе алады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты өткен брифингте ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Владимир Фоос мәлім етті.
«Ауыл әкімдері сайланғаннан соң, оларды бес күннің ішінде аудандық немесе қалалық сайлау комиссиялары тіркелуден өткізеді. Бұл туралы сайланған әкімнен жоғары тұрған аудан немесе қала әкімдеріне хабарлама жасалады. Ал осыдан соң жоғарыда тұрған әкім сайланған әкімді ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы ретінде тағайындайды. Міне, осы уақытта сайланған әкім арнайы тексеруден өткізіледі. Арнайы тексеруден өткеннен соң ғана әкім ресми қызметіне кірісе алады», - деп түсіндірді В. Фоос.
Оның айтуынша, барлық үдерістерден өткеннен соң ғана әкімдерге арнайы куәліктер тапсырылып, еңбек келісімшарты жасалады.
Ал ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов арнайы тексерістен өте алмаған сайланған әкімнің қызметке кірісе алмайтынын, сол үшін ол бойынша да жаңа сайлау тағайындалатынын жеткізді.