Сайланған әкімнің жауапкершілігі тағайындалған әкімнен жоғары — ауыл әкімі
АСТАНА. KAZINFORM — Рафиғат Тәжиденова 2017 жылдан бері Атырау облысы Исатай ауданы Қамысқала ауылының әкімі қызметін атқарып келеді. 2021 жылы ауыл халқының басым бөлігінің қолдауымен қайта әкім болып сайланған. Орайы келгенде ауыл әкімінен сайлау, жергілікті өзін-өзі басқару мен ауыл бюджеті туралы сұраған едік.
«Сайланған әкімнің жауапкершілігі тағайындалған әкімнен жоғары. Өйткені, ауыл әкімі болып 2017 жылы қазанда сайландым, ол кезде аудандық мәслихат депутаттары жабық дауыс беруі арқылы сайланды. 2021 жылы сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін, сол жылы 7 қарашада ауыл халқының 82,5% даусын жинап, қайта әкім болып сайландым. Жұмыс бағытымыз көш ілгері, ауылымыз дамып келе жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Атырау облысы бюджет бойынша көш бастап тұрған өңір», — деді Рафиғат Тәжиденова агенттік тілшісімен әңгіме барысында.
Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде елді мекендерде инфрақұрылым дамып келеді, дегенмен шешілуі тиіс мәселелер де бар.
«2021 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы іске асып келеді, ол бойынша бізге біраз жауапкершілік жүктелген. Алдымен жергілікті мәселелерге қатысты шешімдер қабылдауда азаматтардың белсенділігін арттыру. Сонда ғана ауылдық, аудандық одан әрі республикалық деңгейдегі мәселелерді айқындап, шешу жолдарын нақты қарастыратын боламыз», — дейді ол.
Сондай-ақ, Р. Тәжиденова ауыл бюджеті мен қаржылық дербестікке қатысты ойымен бөлісті.
«Бюджет жеткілікті деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Себебі біз IV деңгейлі бюджеттің қалыптасатыны ол 6 салық түрі, сонымен қатар салық емес түсімдер, олар ауылдың бір жылдық бюджетін жаппайды. Бірақ, ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын одан бөлек «Ауыл ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламаларын дамытып, содан түскен қаржы ауылда қалдыратын болсақ, жергілікті бюджетті қалыптастыра аламыз деп сенемін. Ал салық түсімі жергілікті бюджетті толықтай жабуға, тіпті жартылай жабуға да келмейді. Біз аудандық, облыстық трансфертті алып, жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін толыққанды қаражат пен құзыреттілік керек», — дейді ауылының әкімі.
Еске сала кетейік, 2021 жылы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.
Ұлттық экономика министрлігі ауыл әкімдерін тікелей сайлау қалай өтетіндігін түсіндірді.
Айта кетсек, 2025 жылдан бастап облыс орталықтарының әкімдері сайланады.