Сайлау-2015: Дауыс берудің жоғары белсенділігі түске қарай байқалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты сайлау барысының мониторингін жариялады. Осыған сәйкес, кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс берудің ең жоғары белсенділігі сағат 11:00-ден 12:00 кезінде байқалғаны айтылды.

Сайлау-2015: Дауыс берудің жоғары белсенділігі түске қарай байқалды

«Біз Орталық сайлау комиссиясы берген мәліметтерді жедел түрде бақылап отырдық. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігіне тоқталатын болсам, біз нақты уақыт тәртібінде дауыс беру қарқынын және оның қалай өтіп жатқандығын көріп отырдық. 16:00 кезінде ОСК дауыс берудің ең жоғары белсенділігі 11:00-ден 12:00-ге дейін болғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл үрдісті біздің де exit-pool деректерін есептеу кезінде байқадық»,-деді аталған институттың директоры Айгүл Сәдуақасова елордадағы сарапшылық форумда.

Оның сөзіне қарағанда, институт тарапынан сайлау күнін байқауға мүмкіндік берген төрт мәрте бағамдау шаралары атқарылды. Институттың сұхбат алушылары 8:00-ден 10:00-ге дейінгі сауалнаманың бірінші толқынынан мәліметтерді ұсынды. Екінші толқын - 10:15-тен 12:15-ке дейін, үшіншісі - 13:00-ден 15:00-ге дейін, ал төртіншісі - 17:00-ден 19:00-ге дейінгі аралықты қамтыды.

А. Сәдуақасованың айтуынша, түске дейін сауалнама аясында таңдап алынған адамдардың 60 пайызы сұралса, түс кезінде және одан кейінгі уақытта қалған 40 пайызы қамтылды.

«Сауалнамада жалпы 40 мың респондет құрады. Оған Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан жиналған мәліметтер енгізілді. Жалпы еліміз бойынша 160 сайлау учаскелерін қамтыдық. Ауылдық сайлаушылар таңертеңнен, ал Астана мен Алматы қалалары түскен кейін белсенді қатыса бастады. Жалпы республика бойынша бізде 350 интервьюер жұмыс істеді»,-деді ол.