САЙЛАУ-2015: Қазақстан президенттігіне ҚКХП атынан үміткер Т.Сыздықов Астанада ЕГУ студенттерімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан президенттігіне Қазақстан коммунистік халық партиясы (ҚКХП) атынан үміткер Тұрғын Сыздықов Еуразия гуманитарлық университетінің студенттерімен кездесті.
None
None

«Бүгін батыстық құндылықтарда рухани дүниелер жоқтың қасы, олардың тыныс тіршілігі әдептіліктен ада, жеңіл пайдаға негізделген. Батыс елдерінде қара бастың қамын ғана ойлау бірінші орынға шығып, өмір салтына айналды. Осының барлығы да сүреңсіз статистикалардың өсуіне алып келіп отыр. Айталық, батыста қазір жалғызбасты қарттардың саны артып келеді, ал туу көрсеткіші керісінше жыл санап кеми түсуде», деді өзінің сөзінде Т.Сыздықов.

Сондайақ ол қалың көпшіліктің назарын елімізге кері әсерін тигізіп отырған жалғандыққа негізделген батыстың мәдениетіне аударды.

«Батыстық кинематографияда өзінің мазмұны жағынан елімізді құрдымға апаратын жайттар дәріптеледі. Онда жоғалған құндылықтардың орны уайым, қайғысыз, алайда бүкіл мән-мағынасын жоғалтқан, адамгершіліктен ада өмірмен алмастырылады. Голливудтық туындылар өзінің мақсатыңа барлық құндылықтарды аяққа таптап, шектен тыс әрекеттерге барып, өзімбілермендікпен жетуді насихаттайды. Ал кинодағы шектен тыс аюандық пен қатыгездік идеал деңгейіне дейіне көтеріліп, өмірді істеген ісіңе жауап бермей сүре беруге болады деген ұғым қалыптастырады. Барлық батыстық фильмдерде дерлік өмірге тек пайдакүнемдікпен қарау белең алған. Яғни, адам өмірден өзінің жайлы өмір сүруі үшін қажеттінің барлығын ала беру керек, ал рухани дүниеге онда орын жоқ. Барлығы материалдық құндылыққа негізделеді», - деді ол.

Сонымен қатар, Т.Сыздықов батыстық үлгіде тамақтанудың да теріс ықпалы бар екендігі жөнінде айтты.

«Бір қарағанда, фаст-фуд дегеніңіз өте ыңғайлы әрі үнемді. Бірақ бізге осылай тамақтанудың зияны қаншалықты дегенді ойланатын уақыт жетті. Фаст-фудты өндіруге не сатуға құрылған бизнес оның иелеріне сапасы төмен үлкен өнімдерді пайдалану есебінен үлкен табыс әкеледі. Мұндай зиянды тағамға үлкен жарнама жасалып, түрғындарды оны сатып алуға итермелейді», - деді Т.Сыздықов.

Кездесу барысында кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров та сөз сөйледі. Ол Т.Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелердің барлығы жан-жақты зерделенгенін айтты. «Бүгін біз өте нәтижелі кездесу өткіздік. Т.Сыздықов батыс құндылықтары мен стандарттарының зияны жөнінде орынды мәселе көтеріп отыр. Біз әлі Қазақстанның көптеген аймақтарында кездесулер өткізіп, компьютерлік ойындар мен әлеуметтік желілердің зияндығы жөнінде айтпақпыз», - деді А.Қоңыров.

Сөзінің соңында ҚР президенттігіне кандидат Т.Сыздықов өзінің сайлауалды жұмыс науқанына қатысты студенттер тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап беріп, штабтың алдағы жоспарларымен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар