САЙЛАУ-2015: Президенттікке кандидат Ә.Құсайыновтың ШҚО және Қостанай облыстарындағы аймақтық штабтары белсенді жұмыс жасауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы аймақтық штабтары, сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіріп, үгіт-насихат материалдарын үлестіруде.
Шығыс Қазақстан облысында үгіт-насихат материалдарын ілуге арналған 33 нүктеге 4 мың үнпарақ орналастыру көзделген.
Президенттікке үміткер Ә.Құсайыновтың Шығыс Қазақстан облысындағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Назгүл Ахметқалиева: «Штаб қызметкерлері ақпараттық-насихаттық материалдарды арнайы белгіленген жерлерге ілуде. Ондай орындар барлық қалаларда, аудан және ауылдық округтерде бар. Орналастырып, апта сайын тексеріп отырады. Сондай-ақ олар жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырады. «Үйден үйге» деген жақсы акция бар. Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасын үйді-үйге барып түсіндіреміз», - деді.
ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Өскемен қаласындағы сенімді тұлғасы Марина Тарасенко қала жұртшылығы сайлау науқанына қатысты азаматтық белсенділік танытып отырғанын атап өтті.
Қостанай облысында аймақтың 30-ға жуық белсенді азаматы күн сайын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олар жергілікті халыққа экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау қағидаларына негізделген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын түсіндірумен айналысады.
ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Қостанай облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Тибеевтің айтуынша, үгіт жұмыстары тек облыс орталығын ғана емес, сондай-ақ аудан орталықтарын да қамтып отыр.
Сәйкесінше, әр аудан орталығында осы жұмыстарды жүргізетін сенімді тұлғалар бар. Үгіт науқаны заңға сәйкес жүргізілуде. Оның ішінде түрлі баспа өнімдерін: плакаттар мен брошюраларды тарату қарастырылған.