САЙЛАУ-2015: Президенттікке кандидат Т.Сыздықовтың Ақтөбе және Жамбыл облыстарындағы штабтары қарқынды жұмыстар атқаруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚКХП ұсынған ҚР Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың облыстық сайлауалды штабтары өткізген іс-шаралары туралы баяндап берді.

САЙЛАУ-2015: Президенттікке кандидат Т.Сыздықовтың Ақтөбе және Жамбыл облыстарындағы штабтары қарқынды жұмыстар атқаруда

«Бүгінде Жамбыл облысындағы сайлауалды штабы облыс орталығының тұрғындары үшін ҚР Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовты қолдауға арналған іс-шаралар өткізуде», - деп мәлім етті партияның облыстық комитетінің жетекшісі Ж.Мамашева.

Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы Қазақстан Коммунистік Халық партиясының идеяларын насихаттап, марксизм-ленинизм идеяларына негізделіп құрылған.

Қоғамдық идеалдарды батыстық тұтынушылық стандарттардың алмастыруы жастарды «тоғышар тұтынушыға» айналдыруы мүмкін.

Тұтынушылыққа құрылған бағдар жастардың бағытын өзгертеді. Осындай ықпалға тап болғандар не нәрсеге өз күшімен қол жеткізуден бас тартып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырады.

Кандидаттың сенімді тұлғасы Г.Жұмабаева үгіт-насихат науқаны кезінде партияның басты назары батыстық мәдениет пен құндылықтардың кері әсеріне бөлініп отырғанын мәлім етті.

«Батыстық үлгінің ең негізгі қауіпті көріністері - компьютерлік ойындар, фильм-блогбастерлер, сапасыз әдебиет арқылы кең тараған зорлық-зомбылық, қаталдық культтері.

Шектеулі тұтынушылыққа тәрбиелейтін жаппай зорлық-зомбылық насихаты жастарды өз торына түсіріп, ақыл-есінен, адамгершілік қасиеттерінен айыруда. Сол арқылы адам өмірі құнсызданып барады.

Әрбір екінші батыстық фильм, бейнеклиптің немесе әуеннің астарында қатыгездік, енжарлық, немқұрайлылық, іс-әрекетке деген жауапсыздық белгілері жатыр», - дейді штаб мүшесі ҚКХП ұсынған кандитаттың бағдарламасына сілтеме жасай отырып.

«Батыс жастары отбасылық құндылықтар, дәстүр, бірізділік, үлкендерді құрметтеу, отансүйгіштік сияқты адамгершілік қасиеттерге мүлде жат тұтынушылық стандарттармен өмір сүріп жатыр. Мұның бәрі рухани нигилизмге үндейтін ашық насихаттың салдары.

Мұндай қоғамда өмір сүретін адамдарың өмірлік қағидаттары - жалқаулық және материалдық ашкөздік, толық моральдік жауапсыздық», - деді Г.Жұмабаева.

Облыстық комитет жетекшісі Ж.Мамашева мәлім еткендей, ҚКХП ұсынған ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сайлауалды науқанының жоспарына сәйкес, сайлаушылар арасында үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Үгіт-насихат жұмыстары штаттық жоспарға сәйкес, ешқандай кедергілерсіз өтуде. Жергілікті халықпен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын белсенді түсіндіріп жатырмыз», - дейді ол.

Өз кезегінде Ақтөбе облыстық штабының жетекшісі Ж.Молдашев Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталды.

«Жеңіл ақшаның соңына түсіп, зорлық-зомбылықты ашық жарнамалап жатқан батыстық киноиндустрия мен Интернет ресурстар - қазіргі батыстық теріс мәдениеттің салдары.

Батыстың кемшіліктері әсіресе, мәдениет саласында анық байқалады. Себебі, тұтыну, көп жағдайда, материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастырады.

Батыс адамы бірте-бірте адамгершілік құндылықтарын жоғалтуда. Кез келген әдіспен айналасынан ерекшеленіп, өзіне назар аудартқысы келеді.

Батыстық мәдениет бизнестің бір тармағына, ал оның басты шарттары шектеулі материалдық құндылықтарға айналды.

Батыстық өркениет елдері ақыл-ес ауытқуы мен генетикалық аурулар бойынша және ғаламдық семіздік рейтингінде көш бастап келеді. Осылайша олар өздерінің тегін жоғалтуда. Мұның бәріне салауатты өмір салтын ұстанбай, фаст-фуд пен басқа да генді-модификацияланған тағамдарды үздіксіз тұтынулары себеп.

Мықты моральдік негізі, түп-тамыры, ұлттық санасы, қандайда бір діни ұстанымдары мен ұлттық рухани идеялары болмаса, ондай елдің болашағы да жоқ.

Мемлекеттің басты байлығы - оның адамдары. Салауатты, зайырлы ұлт қағидаттары адамға нәресте шағынан сіңірілуі керек. Балалар тек пайдалы тағамдарды тұтынып, дене шынықтырумен айналысып, сезім, сыйластық және құрмет сияқты отбасылық құндылықтарды танып өсуі керек.

Жастар дәстүрлі құндылықтар мен қоғамдық идеалдарды танып өскенде ғана батыстық мәдениеттің ықпалынан құтылады», - деді ол.

Кандидаттың Ақтөбе облысындағы сенімді тұлғасы Б.Жұмағұлова Тұрғын Сыздықовтың облыстық сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, облыс тұрғындарын қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, штабта 5 сенімді тұлға мен облыстық комитеттің жиырмаға жуық белсендісі бар. Олар күнделікті партия жұмысынан бөлек, үгіт-насихат жұмыстарымен де айналысады. Атап айтқанда, партияның баспасөз өнімдерін таратып, халықпен кездесулер ұйымдастырып, сайлаушылардың үйіне барып, үгіт жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Интернет пен әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өзіміздің партиялық сайтымыз бен «Қазақстан коммунисті» деген газетіміз бар. Олардың көмегімен кез келген адам партия өмірімен кеңінен таныса алады», - деді Б.Жұмағұлова.