Сайлау-2019: Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу қашан аяқталады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылғы 9 маусымда өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық байқаушыларды тіркеу 3 маусым сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина Сыртқы істер министрлігінен бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскенін жеткізді.
«23-30 мамыр аралығында Сыртқы істер министрлігінен бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеу туралы ұсыныстар келіп түсті. ТМД Миссиясынан - 323 байқаушы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан - 15, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан - 263, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясынан - 18, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінен - 9, ШЫҰ миссиясынан - 1 байқаушы», - деді З. Баймолдина.
Сонымен бірге, тағы 31 мемлекеттен 91 байқаушы ұсынылып отыр, олардың қатарында Үндістан, Индонезия, Қырғызстан, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының өкілдері бар.
«Аккредиттеуге деректердің түсуіне қарай, байқаушылар туралы ақпарат жаңартылып отырады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу 2019 жылғы 3 маусым сағат 18.00-ге дейін жалғасады», - деді Зәуреш Баймолдина.
31 мамырға дейін халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 967 байқаушыны аккредиттелген.