Сайлау-2019: Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Сайлау-2019: Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырды

«2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Nur Otan Партиясы» Қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мынадай құжаттарын ұсынды:

1. «Nur Otan Партиясы» Қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді;

2. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші;

3. Өмірбаяндық деректері;

4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;

5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

6. Жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері;

7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар.

Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылғы 23 сәуірге тағайындалды»,-делінген хабарламада.