Сайлау-2019: Жамбыл Ахметбеков президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Жамбыл Аужанұлы Ахметбеков тиісті құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Сайлау-2019: Жамбыл Ахметбеков президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырды

«2019 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың мынадай құжаттарын ұсынды:

1. «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді;

2. Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші;

3. Өмірбаяндық деректері;

4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;

5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

6. Жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері;

7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар.

Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылғы 27 сәуірге тағайындалды», -делінген хабарламада.