Сайлау-2021: Нұрлан Нығматулин өз таңдауын жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханада орналасқан №111 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау-2021: Нұрлан Нығматулин өз таңдауын жасады

Нұрлан Нығматулин сайлауда қазақстандықтар өздерінің ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсететінін алға тарта келе:

«Бүгін өз таңдауымды жасадым. Мен мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін, халқымыздың сапалы өмірі үшін, балаларымыздың жарқын болашағы үшін дауыс бердім» - деді.

Айта кету керек, Мәжілістің 98 депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Еске сала кетсек, конституциялық мерзімге сай өткізгелі отырған Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» қатысып жатыр.

Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар. Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылады.