Сайлау-2023: БАҚ-қа 10 мыңға жуық үгіт-насихат материалы жарияланды
«Сайлауалды науқанына қатысты біздің министрлік алдына үш міндет қойды. Алдымен саяси партиялар мен сайлау алдындағы жарысқа қатысушыларға үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу. Үшіншіден, БАҚ пен онлайн-платформаларды пайдалануда заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Осы міндеттерді шешу үшін министрлік ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізді», - деді Қанат Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Вице-министр келтірген дерекке сәйкес, 18 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін мониторинг жүргізу барысында 576 республикалық және өңірлік БАҚ, оның ішінде 48 телеарна, 386 газет және 142 интернет-ресурс қамтылды.
Айтуынша, министрлік ақпарат кеңістігінің 95-96%-н қамтыды.
«Мониторинг қорытындысы бойынша үгіт-насихат науқаны кезінде БАҚ-та саяси партиялар мен сайлауалды штабтардың қызметіне арналған 10 мыңға жуық материал жарияланды. Оның ішінде 5 мыңнан астамы теледидарда, 2,5 мыңға жуығы баспа басылымдарында және 2,5 мыңы интернет – ресурстарда», - дейді ол.