Сайлау-2023: Ең жас кандидат та, ең егде кандидат та Алматыда тұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша алдағы сайлауға кандидатурасын ұсынған үміткерлердің орта жасы 50-ден аспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, Парламент Мәжілісі 98 депутаттан тұрады, оның 29-ы бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланады. Өңірлерден алған мәліметтер бойныша 29 бір мандатты округ бойынша 609 кандидат ұсынылды. Оның 84-ін қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ұсынса, 525-і немесе 86,2%-ы өзін-өзі ұсынған», - деді ОСК төрағасының орынбасары комиссияның кезекті отырысында.
Оның мәліметі бойынша бірмандатты жүйе бойынша кандидатурасы ұсынылғандардың 80%-ы ерлер, 20%-ы әйел.
«Үміткерлердің орташа жасы 50-ден төмен. Ең жас кандидат та, ең ересек кандидат та Алматы қаласында тұрады. Кандидаттардың арасында 10 ұлттың өкілі бар», - деді Константин Петров.
Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.
Сондай-ақ, кеше Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.