«Сайлау әділ, ашық және мөлдір өтуі тиіс» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 наурыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды қоғамдық штабтың мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының ғимаратында өтті. Мемлекет басшысы мұнда келгеннен кейін Республикалық қоғамдық штабтың жұмысымен танысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мемлекет басшысы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру кезінде формальді қадамнан аулақ болу қажеттігін атап өткен. Үгіт-насихат науқанына арналған шығындар тек қана сайлау қорының аясында жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар Елбасы сайлауалды кезеңде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін ескерткен. Бұл жайында газеттің бүгінгі нөміріндегі «Сайлау әділ, ашық және мөлдір өтуі тиіс» деген мақаладан толық мағлұмат ала аласыздар.
Осы басылымның жазуынша, кеше Брюссельде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуропа елдеріндегі Қазақстан елшілерімен Еуродақтағы дипломатиялық жұмыстың өзекті міндеттері мен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге дайындық мәселелеріне арналған кеңес өткізген. Қ.Саудабаев өз сөзінде Президент Н.Назарбаевтың Жолдауына сәйкес, Қазақстан еуропалық бағыттағы сыртқы саяси басымдықтарын анықтап бергендігін атап көрсеткен.
***
«Айқын» газетінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековпен арадағы сұхбат «Біртұтас экономикалық кеңістік құру ісінде біз барынша ілгеріледік» деген тақырыппен басылды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Біртұтас экономикалық кеңістік құру ісінде де біз барынша ілгеріледік. Бұл кеңістік қазақстандық өндірушілер үшін өнім өткізудің байтақ базарын ашып, бәсекеге шыдас беретін тауарлар шығару мен қызмет көрсету үшін қазақстандық бизнесті ынталандырады. Мұны Қазақстан мен Ресейдің саяси-экономикалық саладағы ынтымақтастығы тағы бір сатыға жоғарылады деуге болады», - дейді.
5 наурызда өтетін Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінің қарсаңында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Астана қаласының Балалар үйіне арнайы барып, қайырымдылық шарасын өткізді. Осы жайт «Айқын» газетінде жарияланған «Министр Балалар үйіне барды» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған.
***
«Сауатсыз заң жобаларынан құтылар күн туар ма екен деуші едік. Ол күн де алыс емес сияқты. Кеше Әділет министрлігі осындай бір жағымды жаңалықтың шетін шығарып қалды. Заң жобаларымыз енді қазақ және орыс тіліндегі түпнұсқалары бойынша ғылыми лингвистикалық сараптамадан өтетін болыпты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, бұдан былай заң жобасын қарастыру үшін құрылған жұмыс тобының құрамына міндетті түрде ғалымдар тарылмақ. Мақалаға өзек болған жайт жайында толық білгіңіз келсе, «Сауатсыз заңнан құтылатын күн жақын ба?» деген мақала назарыңыздан тыс қалмасын.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қаржы министрі Болат Жәмішевпен арадағы сұхбат «Қазіргі таңдағы ең маңызды мәселе - «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды жетілдіру» деген тақырыппен берілген. Қазақстан ТМД елдері ішінде дағдарыстың ықпалын әлсіретуге бағытталған бағдарламаларды бірінші болып қабылдаған ел екендігін баса айтқан ол: «Қазірде өндірістің күретамырына қан жүгіртуге септігін тигізетін өндіріс ошағы, зауыт құрылысы, сауда-логистикалық орталықтар ашу туралы инвестициялық шешімдер қабылдануда. Аңғарғанға мұның барлығы ішкі нарықтың ауқымын кеңейтетін дүниелер. Өндіріс орындарын ашу мен тауар айналымы - жаңа жұмыс көзін табудың бірден-бір кепілі», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті. «Көшбасшылар Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының әртүрлі қырларын, сонымен қатар ТМД-ның құрылғанына 20 жыл толуына арналған мерейтойлық саммитті өткізу мәселесін талқылады», - деп жазады басылым.