Сайлау арқылы билікке лайықты тұлғалар келу үшін БАҚ халық таңдауына ерекше әсер ете алады - М. Башимов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау арқылы билікке лайықты тұлғалар келтіру үшін БАҚ халық таңдауына ерекше әсер ете алады. «Человек и закон» газетінің бас редакторы, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов осындай пікір білдірді. Еске салайық, бүгін Астанада бірқатар БАҚ басшылары 2016 жылдың 20 наурызында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлау науқанын ақпараттандыру барысында этикалық нормаларды сақтау туралы Хартияға қол қойған болатын.
«Сайлау науқаны барысында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Өйткені, ең бастысы сайлауда халық билікке келетін адамдарды таңдап, сайлайды. Ал билікке ең лайықты адамдар келуі шарт. Сондықтан да, билікке кәсіби тұлғаларды сайлау үшін БАҚ ерекше ықпал жасайды», - деді М. Башимов.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада да кандидаттар үшін толық әрі сенімді ақпараттар беру туралы норма қамтылған. Ал Хартияда бұған «әділ және әділетті» деген нормалар да қоса ұсынылып отыр.
«Хартияда журналистердің кәсіби этика нормалары мен мінез-құлық ережелерін бұлжытпай орындауы керектігі де қамтылды. Осы арқылы журналистер қауымы қоғамға, жалпы халыққа кандидаттар арасынан лайықты тұлғаларды таңдауға көмектесе алады деп сенемін», - деді М. Башимов.
Айта кетейік, Хартияның негізгі мақсаты - қазақстандықтарды сайлау науқаны барысынан, сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың қызметтері туралы БАҚ-та шынайы әділ, толық және сенімді ақпараттармен қамтамасыз ету. Хартияда БАҚ Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттардың, олардың саяси көзқарастарына қарамастан, өздеріне теңдей мүмкіндікке ие болуына ықпал ете алатыны және солай етуге тиістілігі жазылған.