Сайлау арқылы халық өркендеу жолын таңдайды - ТТМ ПА Бас хатшысы
БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлау - ел тарихының маңызды белесі болары айқын. Ең алдымен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған шешімі - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген бағдарының дұрыстығын айғақтайды. Елде өтетін алдағы сайлауға қатысты ҚазАқпарат агенттігінің Әзербайжандағы тілшісіне Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бәріміз дамыған әрі бағдары айқын Қазақстандағы биліктің сабақтастығына куә болып отырмыз. Бұл - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты еңбектерінің бірі екенін ерекше атап өту керек», - дейді Алтынбек Мамаюсупов.
Парламенттік ассамблея Бас хатшысы 9 маусымда Қазақстан халқы өркендеу жолын таңдап, аймақтағы бейбітшілік пен тыныштыққа қолдау білдіреріне сенімді.
«Өз тарапымнан қосарым: Түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы Қазақстандағы сайлауға дәстүрлі түрде мониторинг жүргізеді. Бүгінге дейін ассамблея мүшелері ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сай демократиялық шарттар бойынша өтіп жатқан елдегі парламенттік және президенттік сайлауларды бақылаған болатын. Осы жолы да біздің ұйым Қазақстан Президентін сайлауда бақылаушылардан тұратын халықаралық миссияны құруға дайын. Ол миссияның ішіне Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия елдері мен Хатшылық өкілдері енетін болады», - дейді спикер.
Авторы: Бекбау Тайманов