«Сайлау ашықтығы - демократия айғағы» - республикалық басылымдарға шолу
ТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 10 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Астанада Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері аяқталды. Кеше осы шараның аясында Бейбітшілік және келісім сарайында үш аталған облыстың тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарын көрсеткен көрме ұйымдастырылды. Көрмемен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев танысты. Осы шара барысында аталған көрмені ұйымдастырып отырған үш аймақтың экономикасына қатысты көптеген өзекті мәселелер сөз болды. Олар «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тәуелсіздіктің толағай табыстары» деген тақырыппен жарық көрді.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Сайлау ашықтығы - демократия айғағы» атты мақала жарық көрді. Онда Астанадағы «Пекин Палас Солакс» отелінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің Орталық сайлау комиссиясының және ЕҚЫҰ Орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы сайлау үдерістері: халықаралық сайлау стандарттары мен ЕҚЫҰ міндеттемелері тұрғысындағы шақырулар және перспективалар» атты дөңгелек үстел отырысында көтерілген мәселелер жөнінде баяндалады. Аталмыш мақаланы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санына оөқисыздар.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Шалғай аудандар мемлекет ұсынған мүмкіндікті неге пайдалана алмауда?» атты мақала жарияланды. Мақалаға 8 қыркүйекте облыс әкімі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен ҮИИД бағдарламасы бойынша Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, Қарағанды облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бері 13,5 миллиард теңге көлеміндегі несиелерді субсидиялау және кепілдендіруге ұсынылған 79 жоба мақұлданды. Бұл бағыттағы шаралардың барлығы шағын және орта бизнес секторын дамытып, көрсеткіштердің артуына мүмкіндік беріп отыр. Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 8,9 пайызға өсіп, ал ондағы жұмыспен қамтылғандар саны 200 мыңға жуық адамды құраған көрінеді. Дегенмен бұл мәселедегі олқылық - мемлекет ұсынған осы мүмкіндікті шалғай аудандар пайдалана алмай отыр.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, апта басынан бері әлемдік қор биржаларында «дүрлігіс» қайтадан басталды. Тұңғиықтан шығуға бет бұрғандай Америка экономикасы қайтадан дәрменсіздік жағдайға көшті. Еуропалық қор биржаларындағы жағдай да осыны көрсетті. Бұған көптеген сарапшылар «айыпты» Германиядағы жағдай дегенді айтып жатыр. Дегенмен Германиядағы жағдайдың бұған еш қатысы жоқ екені белгілі. Бұл мәселе жөніндегі «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қор биржасындағы жағдайға Германия кінәлі емес» атты мақаладан білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Нейтралитет толерантность и паритет» атты мақала жарық көрді. Мақалаға осы аптада Парламент Мәжілісінде талқыланған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңына қатысты көтерілген мәселелер сөз болған. Басылымның жазуынша, аталмыш құжат қоғам арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр және бұл үрдіс заң қабылданғанға дейін сақталады.