Сайлау да, референдум да ең алдымен еліміздің амандығына, тұрмыстың жақсаруына қызмет етуі тиіс - Қ.Сұлтанов

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Сайлау да, референдум да ең алдымен еліміздің амандығына, тәуелсіздігіміздің беріктігіне, тұрмыстың жақсаруына қызмет етуі тиіс»,-дейді сенатор Қуаныш Сұлтанов.

Сайлау да, референдум да ең алдымен еліміздің амандығына,   тұрмыстың жақсаруына қызмет етуі тиіс - Қ.Сұлтанов

Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутаттардың Елбасының өкілеттігін ұзартуға қатысты ұсынысын талқылау барысында мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жыл еліміздің рухани бірлігін, тұтастығын, ынтымақтастығын бекітіп, дамудың жаңа сапасына көтерілген, елдің мәртебесі өрлеп, әлемдік деңгейде танылған жыл болды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қол жеткізіліп отырған игілік. «Осы игіліктің нәтижесінде дүниежүзілік қоғамдастық алдында мемлекетіміздің абыройы өсіп, мемлекеттік қауіпсіздігіміз нығайды. Жаңа дәуірдегі мемлекеттігіміздің барлық жетістіктері мен жемістері тұңғыш Президентіміздің қайраткерлік еңбегімен байланысты»,-деді Сенат депутаты.

Оның пікірінше, бүгінде елде Қазақстан - Н.Назарбаев деген егіз ұғым қалыптасып отыр. Елбасы елімізді ең қиын деген әрі тұйыққа тірелген тығырықтан шығара біліп, Қазақстанды тарихы шыңына көтерді. Елбасының іс-әрекеті, тапқырлығы мен көрегендігі, озықтығы ел мүддесіне қызмет етуде. «Алдымыздағы гүлденген, өркендеген дүниежүзілік бәсекеге лайық Қазақстанда өмір сүру мақсатына бет алған ұлы сапарды да өзінің 2020 жылға дейінгі бағдарламасында жариялап, Н.Назарбаев бастады. Оның жемісті, нәтижелі болуы халықтың қамы, қоғамның сұранысы. Біз бәріміз де сол мақсаттарға жетіп, соны көзімізбен көруге мүдделіміз»,-деді депутат.