Сайлау халықтың саяси сауатын арттырады – Тайыр Нығманов

Сайлау көп өткен сайын партиялар жұмысын көрсетуге мол мүмкіндік алады. Мұндай пікірді саясаттанушы Тайыр Нығманов білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Сайлау
Фото: Kazinform

«Менің жеке пікірім, қазіргі Қазақстандағы ең үлкен проблемалардың бірі - саяси сауаттылықтың жетіспеушілігі. Бұл азаматтардың белгілі бір проблеманы нақты қай органның не институттың шешетінін жете біле бермеуіне байланысты. Мұны Мәжіліс сайлауынан да байқауға болады. Депутаттардан айталық, үйінің жанындағы жолға, мектепке, ауруханаға қатысты сұрап жатады. Алайда, қалай десек те депутаттың негізгі қызметі депутаттық сауал жолдау емес, заң шығармашылық процесі. Дегенмен, ол да маңызды құрал. Бізде аудан, қала, облыс әкімдерін, Мәжіліс, мәслихат депутаттарын сайлау көп болған сайын адамдар да қай органға қандай құзіреті жүктелгенін жете түсіне бастайды», - деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында. 

Оның атап өтуінше, бұл адамдардың билікпен өзара қарым-қатынас жасауы үшін өте жақсы.

«Саяси сауаттылық жоғары болған сайын сайлау да жақсы өтеді. Яғни, бағдарламасы қазақстандықтардың басым бөлігінің мүддесіне сай келетін кандидат жеңіске жетеді. Қазақстан азаматтары да өздерінің қажеттілігіне қарай сұраныстарын дұрыс түзуді үйренеді. Өкінішке қарай, «бәрін қатырамын» деген популистік ұранды да естуге болады әрі әлі де болса соның дәурені жүріп тұр. Өткен жылдары «Партиялар түк істемейді. Парламенттік не президенттік сайлау қарсаңында кандидат ұсыну үшін 5 жылда бір рет оянып, одан кейін қайтадан 4 жылға ұйқыға кетеді» деген сынды жиі еститін едік. Ал сайлау көп болса, онда партияларға да өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік мол болар еді», - деді Тайыр Нығманов.