Сайлау: Қарағанды облысында коронавирусқа шалдыққандар қалай дауыс береді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясына шалдыққан азаматтар алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауына қатыса алады. Олар үшін дауыс берудің ерекше тәртібі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау: Қарағанды облысында коронавирусқа шалдыққандар қалай дауыс береді

Алгоритмді Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері - Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин түсіндірді.

«Үйде емделуіне байланысты өзін-өзі оқшаулау режимі белгіленген немесе КВИ-ге байланысты карантинде жүрген сайлаушылар ол туралы сайлау комиссиясына хабарлауға міндетті. Сайлау комитетінің мүшесі үйде дауыс беру туралы өтінішті қабылдай отырып, өзін-өзі оқшаулау режимі нұсқамасының бар-жоғын анықтап, санитарлық қауіпсіздік шараларының сақталуын түсіндіруі тиіс», - деді Юрий Залыгин облыс әкімдігінде өткен кеңесте.

Сайлау комиссиясының мүшелері науқастанғандарға баруы үшін жеке қорғану құралдарымен: бірреттік халат, маска және қолғаптармен, антисептикпен қамтамасыз етіледі.

Сайлау комитетінің мүшелері пәтерге немесе үйге кірмейді. Дауыс беру байланыссыз түрде өтеді: өтініш пен бюллетеньдерді науқасқа беріп жіберіп, тура солай кері алады. Осыдан кейін бюллетеньдер тасымалданатын жәшікке салынады.

Комиссия мүшелері урнаның тұтқалары мен бетін міндетті түрде зарарсыздандыруы керек. Сайлау комитетінің мүшелері пайдаланған маскалар мен қолғаптар одан әрі жойылуға жіберіледі. Мұны істеу үшін оларды дереу шешіп, жабылатын контейнерге салу керек.

Юрий Залыгин сонымен қатар СOVID-19 пациенттерін емдеу үшін ауруханаларда дауыс беру қалай ұйымдастырылатынын айтты.

Стационарға келген сайлау комитетінің мүшелері обаға қарсы костюм киіп, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Олар науқастармен байланыста болмайды. «Қызыл аймаққа» медициналық қызметкерлер өтініштер мен бюллетеньдерді енгізеді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін урна дезинфекциялаушы құралмен және ультракүлгін сәулемен залалсыздандырылады.