Сайлау қарсаңында жұртшылықтың электоралдық белсенділік деңгейі артуда
Үгіт науқаны жаңа басталған кезеңде электоралдық белсенділік деңгейі шамамен 67,2 пайызды құраса, науқан аяғына таман бұл көрсеткіш 77,5 пайызды құрап, сайлаушылар белсенділігі артқанын көрсетті. Бұл туралы бүгін сайлау науқаны бойынша өздерінің зерттеу қорытындыларын жариялап, баспасөз мәслихатын өткізген Әлеуметтік саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл аталған институттың сайлау науқаны барысында жүргізген екінші зерттеу жұмысы болып табылады. Институт директорының айтуынша, сауалнамалық зерттеу шарасына еліміздің барлық өңірлері мен Астана және Алматы қалаларынан 2 мыңға тарта респондент қатысты. 2011 жылдың 27 желтоқсан айы мен 2012 жылдың 3 қаңтары арасында жүргізілген зерттеуге ауылдық және қалалық респонденттер де тартылды.
«Зерттеудің екінші өлшем нәтижелері бойынша, біз жұртшылықтың электоралдық белсенділік деңгейінің артуын байқадық. Үгіт науқаны басталған кезеңде қатысушылардың 67,2 пайызы сайлауға баратынын ресми мәлімдеген болса, бүгін көрсеткіш 77,5 пайызды құрады. Яғни, бұл сайлаушылар белсенділігінің 10,3 пайызға артқанын көрсетеді», - дейді А. Сәдуақасова.
Еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың әлеуметтік-демографиялық параметрлеріне келсек, сұралғандардың 46,4 пайызы ер және 53,6 пайызы әйелдерді құрады. 49,7 пайызы қазақтар болса, 38,1 пайызы орыстар, 12,2 пайызы елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері болып табылады.
Респонденттердің жас ерекшеліктері бойынша 18-29 жас аралығындағылар 24,3 пайызды, 30-45 жас аралығындағылар - 34,4 пайызды, 46-60 жас аралығындағылар - 24,3 және 61 жастан жоғарылар - 17 пайызды құрады.
Сұралғандардың 0,9 пайызының бастапқы білімі бар болса, аяқталмаған орта білімділер - 3,9, орта білімділер - 33,8, кәсіби-техникалық білімі барлар - 24,7 пайызды құраған. Сондай-ақ, сауалнама қатысқандардың 30,5 пайызының білімі жоғары және ғылыми дәрежелері бар болып отыр.