Сайлау қарсаңындағы күнде және сайлау күнінде кез келген үгітке тыйым салынады - ҚР ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау қарсаңындағы күнде және сайлау күнінде кез келген үгітке тыйым салынады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссия хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті.
«Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен белгіленген Президент сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай сайлау алды үгіт жүргізуге 30 күн бекітілген. Ол 26 наурыздан басталып, 24 сәуір күні сағат 00.00-де аяқталады. Сайлау қарсаңындағы күнде және сайлау күнінде кез келген үгітке тыйым салынады», - деді ол.
Сонымен қатар ОСК хатшысы азаматтардың саналы түрде ерік білдіруіне ықпал ететін сайлау алды үгіт жүргізудің жалпы шарттарымен, ережелерімен таныстырды.
«Сайлау заңнамасының ең маңызды талабы - сайлау процессіне қатысушылар үшін тең құқықтар мен жағдайларды қамтамасыз ету. Сайлау туралы конституциялық заңда сайлау алдындағы үгіт 4 баптан тұрады, 5 тарау арналған. Заңнамалық тұрғыдан алғанда, сайлау алдындағы үгіт - сайлаушылардың белгілі бір кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуға түрткі болу мақсатындағы қызмет», - деді Б.Мелдешев.
Оның атап өтуінше, үгіт қызметінде субъектілердің құқықтық жағдайы әртүлі. Осылайша, сайлау алдындағы үгіт белсенді, сайлау құқына ие сайлаушыларға, қоғамдық бірлестіктерге, қаржыландыруды қажет етпейтін үгіт процессіне қатысушыларға үлкен мүмкіндік береді.