Сайлау: Қазақстан азаматтары 51 елде дауыс бере алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемнің 51 елінде 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына орай 65 сайлау учаскесі құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
None
None

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен Нұр-Сұлтан қалалық аумақтық сайлау комиссиясы 51 шет мемлекеттегі Қазақстанның өкілдіктері жанына 65 сайлау учаскесін ашқан. Шетелдегі сайлау учаскелерінің мекенжайын mfa.gov.kz және www.election.gov.kz. сайттарынан білуге болады.

Жалпы, ең ірі сайлау учаскесі Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігі жанынан ашылып отыр. Дәл осы сайлау учаскесі 1 600-ден астам сайлаушыны қабылдауға қауқарлы. Ал Таллиндегі Қазақстан Консулдығы жанынан ашылған учаскеде небәрі 14 адам дауыс береді.

Қытайда Бейжің қаласынан бөлек Шанхай, Гонконг және Үрімші қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істейді. Бұл елде 2 мыңнан астам Қазақстан азаматының дауыс беретіндігі күтіліп отыр. Ресейде де 1 600-ден астам сайлаушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы Астрахан қалаларындағы сайлау учаскелерінде дауыс бере алады. Түркияның Анкара, Ыстанбұл және Анталия қалаларында шамамен 1300 адамға сайлау учаскелері жұмыс істейді.

Алдын ала деректерге сәйкес, 9 маусымда 13 мыңнан астам Қазақстан азаматының шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс беретіндігі күтіледі.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңының 24-бабы 8-тармағына сәйкес, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.

Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерi жанынан, Қазақстан Республикасының иелiгіндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша электорат тізімдері дауыс берiлетiн күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.

Соңғы жаңалықтар