САЙЛАУ: Көктерек және Тереңкөл ауылдарының тұрғындары киіз үй үлгісіндегі кабиналарда дауыс бермек
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданындағы №257 Көктерек және №228 Тереңкөл сайлау учаскелеріне келген сайлаушылар киіз үй үлгісіндегі кабиналарда дауыс беретін болады.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұретден Құтқожиннің айтуынша, бұл кабиналар сол сайлау учаскелерінің өздерінің бастамасы бойынша заңға сәйкес жасақталған. Сонымен қатар басқа учаскелерді де қазақы ою-өрнекпен безендіруге мән берілді. Бұл дауыс беруші азаматтардың ұлттық рухты сезінуіне септеседі.
Жалпы, ауданда 48 сайлау учаскесінде 17947 сайлаушы тіркелген. Олар 26 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға белсене қатысуға бекініп отыр.
Айта кетейік, облыстық сайлау комиссиясынан алынған мәліметке қарағанда, өңірде 523 учаскеде 404465 сайлаушы тізімге енгізілген.