Сайлау комиссиялары әкімдіктен тәуелсіз болуы керек – Нұрлан Әбдіров
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Сайлау комиссиялары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек. Дауыс беру кезінде түрлі бұрмалаушылыққа жол берілмеуі тиіс. Атырау облысының жұртшылығымен кездескен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұрын жұртшылықпен мұндай кездесу ұйымдастырылмаған.
Сол себептен, кеше комиссия төрағасы Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті.
Бұл ауылда былтырғы тамызда округ әкімінің сайлауы өтіп, жаңа әкім сайланған.
Бүгін өңір жұртшылығымен кездесуде ауыл әкімдерінің сайлауы, учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, байқаушылардың сайлау учаскелеріне кіруіне кедергі келтірмеуге байланысты мәселелер қозғалды.

«Орталық сайлау комиссиясының ұстанатын мақсаты – сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету. Өңірлердегі сайлау комиссияларына осындай талап қойылып отыр. Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін сайлау комиссиялары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек. Дауыс беру кезінде түрлі бұрмалаушылыққа жол берілмеуі тиіс. Сол себептен, облыстарға сапарымыздың мақсаты – алыс ауылдағы тұрғындардың пікірін білу», -деді өңір жұртшылығымен кездесуде Нұрлан Әбдіров.
Сайлау процесіне байқаушы ретінде қатысып жүрген қоғам белсенділерінің айтуынша, бірқатар проблема бар.
Бұл – партия өкілдерінің сайлау учаскелеріне байқаушы ретінде кіруіне жасалатын кедергі.
«Егер байқаушының құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделген болса, ол сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі қажет. Бюллетень санау сынды маңызды процестер кезінде байқаушы барлық үрдісті толық көре алатындай қашықтықта отыруы керек», -деді осыған орай Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Кездесуде қоғам белсенділері сайлау кезінде электронды дауыс беру мүмкіндігі туралы мәселені көтерді.
«Шыны керек, сайлаушылардың электронды түрде дауыс беруін ұйымдастыру өте көп қаржыны қажет етеді. Бұған дейінгі тәжірибе электронды дауыс беру мүмкіндігін сайлаушылардың аз бөлігі қолданғанын көрсетті. Дегенмен, бұл мәселе әлі де зерттеледі. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жастар смартфонды күнделікті қолданады. Осындай себептер ескеріліп, электронды дауыс беру мүмкіндігін қалдыру, не қалдырмау мәселесі жан-жақты зерттелген соң шешіледі», -деді Нұрлан Әбдіров.
